(Толық нұсқасы)
Армысыздар, қадірменді Киногерлер Одағының мүшелері! Бүгінгі өтіп жатқан Төтенше Пленум құтты болып, ісіміз берекелі болғай! Осынау Пленумде "Қазақфильм" проблемаларына, жалпы Ұлттық кино тағдырына байланысты көтеріліп жатқан көкейкесті мәселелер Мемлекетіміздің Жоғарғы билігіне – "Еститін Үкіметке" жеткей!
Халқымызда "Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын" деген ашынғаннан айтылған ащы бір сөз бар. Осыған орай айтсақ, бүгінгі Төтенше Пленум өтіп жатқан осынау қара шаңырақ – Киногерлер Үйінің сіздер куә боп отырған мына масқара жағдайы – ұлттық кино өнерінің қадірі қашқандығының шын белгісі, анық көрінісі, айқын дәлелі емес пе? Расында да, кезінде ұлттық кино өнерінің атасы Шәкен Айманов өз қолымен іргетасын қалаған Киногерлер үйінің дәл осылай қирандыға айналуы – Ресеймен соғысып жатқан Украинаның қалаларын, мәселен, Мариопольді еске түсіретіні несі? Бейбіт күнде Кино Үйінің неше жылдан бері осылай қирандыға айналып, иесіз қаңырап тұруы – шынында да ақылға сыймайтын шетін жағдай! Осындайда пролетариат көсемі В.И. Лениннің осы күнге дейін мән-мағынасын еш жоғалтпй келе жатқан "Барлық көркем өнер атаулының ішіндегі ең маңыздысы – кино", – деген көрегендікпен айтқан сөзі еріксіз еске түседі. Осы сөздің әлі күнге дейін өз актуальділігін жоймағандығын біздің билік шынымен білмей ме жоқ әлде әдейі білгісі келмей ме? Әйтпесе, Кино Үйі мен "Қазақфильмді" жалпы кино саласын осыншалық тым төменге құлдыратып, осындай жаншошырлық жағдайға жеткізер ме еді? Билік – мемлекеттік идеологияның басты бағыттарының бірі болуы тиіс – кино саласын осылай қамқорлықсыз қалдырады деп кім ойлаған? Осының өзі мемлекетімізде ешқандай идеологиялық саясаттың жоқтығын меңземей ме?
Расында да киногерлердің кейінгі жылдары әсіресе Аида Балаева министр болғалы көрмегені жоқ. Ол министр болған соңғы екі жыл ішінде режиссерлер мен сценаристер, продюсерлер мен редакторлар, аниматорлар мен киноактерлер "Қазақфильм" басшылығы мен Министрлік тарапынан әлденеше рет қағажу мен кемсітушілік көріп, бөгесін мен күн көрсетпеушілікке душар болды, жұмыстан шығарылды, күштік құрылымдар тарапынан зәбір көріп, жапа шекті, сотқа тартылды. Бұдан бөлек, небір кәсіби мамандар күн көріссіз қалдырылуда, басқа да түрлі заңсыздықтарға тап болуда, әсіресе қазақ тілді режиссерлер мен кино мамандар мақсатты әрі жүйелі түрде дискриминацияға ұшырауда. Қысқасы, түрлі қысымдардан көз ашпауда.
Мұның барлығы еліміздегі мәдениет саясатының аса ауыр дағдарыс жағдайында екенін көрсетеді. Иә, кімнен не жасырғандаймыз, биліктің мәдениет пен ұлттық өнерге деген қисық көзқарасы жуық арада түзелер түрі көрінбейді. Түзелмек түгілі мүлде кері кетіп барады. Мұның аржағында осы салаға жауапты шенеуніктердің ой-санасының әлі күнге дейін отарсыздандырылмағандығының құлағы қылтияды. Әйтпесе, ұлттық өнер иелері мен мәдениет қайраткерлеріне оның ішінде әсіресе киногерлерге осыншама озбырлыққа толы, ашық қысым жасалмас еді ғой. Өкініштісі қысым жасалып жатыр және әзірге бұған тоқтау болар түрі жоқ. Ең сұмдығы, киногерлерге былайша қысым жасау, осыншама дискриминацияға ұшырату – "Қазақфильм" құрыла бастаған сонау қырқыншы жылдардан, ЦОКС заманынан бері болып көрмеген сұмдық. Расында да бұрын-соңды болмаған бұл сұмдық – ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығынан кейін күрт белең алып, қазір тіпті қалыпты үрдіске айналып, қауіпті сипат алып барады. Міне сіздерге Жаңа һәм Әділетті Қазақстан"!
Расында әлемдік кино тарихына зер салсак, киноиндустриясы дамыған ешбір елде биліктің киногерлермен тап былайша – ережесіз күресу еш уақта болмағандығын көреміз. Бұл тек біздің мемлекетімізге ғана тән масқара екендігіне көзің жеткенде еріксіз пұшайман боласың, кәдімгідей қорланасың. Ал бірақ біздің Мәдениет министрлігінің басшылары бұл зұлым істеріне еш қысылмайды және ұялмайды да, қызармайды да.
Ұялатын түгі жоқ болған соң несіне ұялсын. Осының барлығы ождансыздық пен мәдениетсіздіктен һәм мемлекетшіл сананың жоқтығынан
Мемлекеттішіл сана болса, сөйтер ме еді – осы тұрғыдан келіп, кейінгі жылдары "Қазақфильмдегі" болып жатқан келеңсіздіктерді мұқият сараласақ,
"Қазақфильді" денационализациялау, детерриториализациялау және деморализациялау үрдісі жүріп жатқандығын көреміз.
Әуелі денациялизациялауға келсек, иә, шынында да кейінгі жылдары әсіреса соңғы екі жыл ішінде "Қазақфильм" басшылығы бұл жөнінен "зор табыстарға" жетуде Оның айғағы, бұл күнде "Қазақфильмде" мемлекеттік тілде сөйлейтін бірде-бір басшы, қазақша хат танитын, жазу-сызу білетін бірде-бір білікті маман қалған жоқ. Ал іс-қағаздарын қазақшалаудың жүгі жалғыз аудармашының мойнына артылып қойылған.
Екіншіден, "Қазақфильмнің" қазіргі уақытша басшысы А Омаров ұлттық кино мен оның режиссерлеріне үнемі дискриминация жасап келеді. Мына тұрған өз басым оған әлденеше рет ұшырадым. Соның бірі – биылғы жылғы ақпан айының соңында Франциядан үш бірдей Гран При жеңіп алып келген "Әбіл" фильмінің режиссері Елзат Ескендір мен басты рөлді сомдаған мына мен – Ерлан Төлеутайды "Қазақфильмге" кіргізбей қою – осы уақытша басшы Айдар Омаровтың тапсырмасымен жүзеге асырылды.
Осы оқиғаны, жалпы "Қазақфильмде" соңғы екі жыл ішінде жиі орын алып жатқан түрлі оспадарлықтар мен орынсыздықтарды қоғамнан жасыру мақсатында, басқа да былықтарды көпе-көрнеу көрер көзден жасырып, барынша бүркемелеу үшін, ал егер ол жұртқа жария болып кеткен жағдайда оның шындығын кәнігі қаскөйдей шімірікпей бұрмалау үшін Айдар Омаров түпсіз өтіріктер айтатын болып алыпты және бұларын ол БАҚ арсыздықпен таратуға көшіпті. Оның соңғысын журналист Гүлнәр Баженоваға берген сұхбаты кезінде көрдік.
Сол сүхбатында Айдар Омаров режиссер Елзат Ескендірді Елзат Елгезек деп әдейі шатастырады. Бұл жөнінен оны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын қасақана шатастырып айтқан Путинге еліктейтінін байқадық. Путиншіл екенін білуші едік, Путинге еліктейтінін де білдік.
Осы сұхбатында Айдар Омаров киноны тик-ток арқылы дамытамын деп айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Бұған мына жақтағы біз түгілі интервью алып отырған журналистің өзі күйіп кетті. Айтыңдаршы, әріптестер, мынандай басшысымақтармен "Қазақфильм" қайтіп көгереді, көгермек түгілі күні не болмақ? Күллі елге күлкі болып біттік қой. Мұның шегі бола ма?
Өздеріңіз білесіздер, "Қазақфильмнің" ресми атауы – Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы. Үкімет тарапынан бұл статус "Қазақфильмге" ресми берілген
ал, онда А.Балаева мен А.Омаров денационализациялау процесін неге сонша қауырт жүргізуде? Тап бір ата жауын аяусыз жойып жатқандай "Қазақфильмді" ұлтсыздандыру науқанына жініге кірісіп алған екеуі. Онда киностудияның маңдайына "Ресейфильм" немесе "Кремльфильм" деп біржолата жазып қойсын! Сонда біз де кетер едік қайырлы болсын сіздерге, қайырсыз болған "Қазақфильм" деп Қазтуғанша күңіреніп!
Енді детерриториализацияға келейік. Өздеріңіз білесіздер, Алматы қалалық әкімшілігі 2018 жылы "Қазақфильмнің" тартып алған 5 гектар жерін әлі күнге дейін қайтарған жоқ, қайтаратын түрі де көрінбейді. Бұл жөнінен киностудияның уақытша басшылығы әлі күнге шейін шидің басын сындырған емес. Осыдан-ақ бұл жерде бір кілтипан барлығын аңғарамыз. Мәселен, 2020 жылдан 2023 жылға дейін "Қазақфильмді" модернизациялауға 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржының қомақты бөлігі "Қазақфильм" ғимараттарына күрделі жөндеу жасауға жұмсалады делінді.
Алайда бәрі сөз жүзінде қалды. Күрделі жөндеу жүргізілмек түгілі бір люстра да ауыстырылған жоқ. Тек екі-үш туалет жөнделді. Туалет демекші, министр А. Балаева күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз деп жалаулатып, өзінің ФБ парақшасына "Қазақфильм" туалеттеріне унитаз қойылып жатқан видеолар салып қойыпты. Ал Айдар Омаров болса, Гүлнәр Баженоваға берген сұхбатында эстррадалық музыка продюссері Баян Алагөзова ренжіген соң жөндеп жатырмыз деп салды. Сонда екеуінің қайсы өтірікші – министр ме әлде Омаров па? Меніңше екеуі де. Түбінде бұлардың өтірігі бір әшкере болары хаһ. Өйткені 55 жылдан бері еш жөндеу көрмей, әбден шіріген подвал толы кәріз бен жылу жүйелері қайта-қайта істен шыққан сайын бұл екеуінің өтірігі бәрібір жарияға шыға бермек. Ал бұлар болса, сол шіріген жүйенің үстіне унитаз қойып әлек. Негізі жөндеу жұмысын әуелі тозған жүйені толық ауыстырудан бастау керек қой. Ал бұл екеуі (Омаров пен Балаева) тозған системаны мүлде ауыстырғылары келмейді. Түсінген адамға мұнда бір сұмдық символ бар. Түптеп келгенде, шіріген жүйе мен жаңа жүйе бір-біріне еш үйлеспек емес қой...
Сонда қалай, егер Баян Алагөзова орнықсыз унитаздарыңа отырмаймын деп қиғылық салмаса, "Қазақфильмнің" унитазы ауыстырылмай ма? Омаров осы әрекетімен-ақ киногерлерді адам құрлы көрмейтінін көрсетті. Әйтпесе, сол дәретханаларға Асанәлі Әшімов ағамыз бастап, бәріміз барып жүрміз ғой, туалет түгілі "Қазақфильмнің" күллі жүйесінің түгел тозғанын талай айтып та, жазып та бақтық емес пе, бірақ ешқайсымыз Баян Алагөзова құрлы бола алмадық. Бір кем дүние деген осы
Осындайда бір сұрақ туады – неге "Қазақфильмнің" тек туалетіне ғана жөндеу жасалады, ал басқа жерлеріне жасалмайды? Біздің ойымызша, мұның бәрі "Қазақфильмнің" жерін саудалау кезіндегі уақыт созу амалы сияқты. Әйтпесе, Әуезов театрына еш қиындықсыз 50 миллиард теңге бөліне салады, сондай-ақ Сац атындағы театрға да 20 миллиард теңгеден аса қаржы оп-оңай бөлінген. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен мұндай мол қаржыға тура Әуезов театрындай 5 театрды жаңадан салуға болады дейді құрлыс саласының мамандары. Сөзім дәлелді болу үшін айтайын, мәселен шетелдерге аңсыз аударылған активтерді қайтару комиссиясының мәліметінше, 55 миллиард елге қайтқан қаржыға 4 мектеп, 2 спорт кешені, 1 көпбейінді аурухана, 1 жатақхана, 2 балабақша салынған. Сонда бұл әлденеше есе артық бөлінген қаржылардың барлығы қайда кетпек, әрине қалтаға! Кімдердің қалтасына екенін сезіп отырған шығарсыздар?
Театрларға осыншама миллиардтар бөлініп жатқанда, "Қазақфильмге" көк тиын да бөлінбеуде. Дұрысы – бөлгізбей отыр. Түптеп келгенде бұл бөлгізбеудің артында "Қазақфильмнің" жеріне көз тігуші лобби күштердің тұрғандығы аңғарылады. Өткенде осы жайын яғни "Қазақфильм" жерінің сатылуға дайындалып жатқанын айтқан Асанәлі Әшімов ағамыздың да қаупі тегін емес деп ойлаймын. Әйтпесе, неге барлығының күні жыл сайын "Қазақфильм" сатылмайды деп көз алдау үшін өтірік жөнделетін осы екі туалеттке қарап қалды?
Айтпақшы, өткен жолы жөнсіз жөнделген бір туалетке әдейі кіріп көрдім. Ешқандай күрделі жөндеу жасалмаған, тек унитаздар ауыстырылған. Оның өзі насыбай келінің ұлкендігіндей ғана кіп-кішкентай детский унитаздар екен. Басында С. Текеев ағамыздың әзілі деп ойлаған едім, бірақ көргенде көзім анық жетті, Сатыбалды ағамыздың бұл унитаздарға Олжекеңнің арты сыймай жүр дегені рас екен. Айтары жоқ, унитаздар тым кішкентай. Соған қарағанда бұл дәрет отырғыш – китайский сияқты. Байқаңдар, өстіп жүргенде бұлар "Қазақфильмді" қытайға беріп жібіріп жүрмесін, өйткені бұлар ештеңеден тайынбайды, себебі, өткенде көрдік — "Қазақфильмнің" іші тағы да қытай көліктеріне толтырылып қойылыпты.
Енді деморалицация мәселесіне келейік. Қазіргі күндері "Қазақфильмде" құлаққа ұрған танадай өлі тыныштық орнаған. Ұжымың жүздерінде тап бір құлдықта жүргендей үмітсіз үрей бар. Бір кездері "Қазақфильмде" істейміз деп көтеріп жүретін кеуделерін бұл күнде қорқыныш жайлаған. Баяғыда жүзге келіп қайтыс болған көнекөз актриса Хабиба Елебекова айтып еді – 37 жылы Алматы көшелері тып-тыныш боп тұрды деп. Сол апам айтқандай "Қазакфильм" іші де, дәл 37 орнағандай тып-тыныш боп тұр. Ешкім бейсауат сөйлемейді, күлмейді, жүрмейді. Расында киностудияның қазіргі ахуалы атақты режиссер Болат Атабаев қойған "Көшкін" спектаклінен аумай қалған. Спектакльді көргендеріңіз болса, сондағы билеушілер: "егер қатты сөйлесеңдер таудан қар көшіп, көшкіннің астында қаласыңдар", – деп ауыл халқын үнемі үрей құшағында ұстаумен болушы еді ғой. Сол спектакльдегідей ұлы тирандардың образына кіріп алған "Қазақфильмнің" қазіргі уақытша билеушілерінің бірі – Сталин, бірі – Берия боп киностудия халқын кәдімгідей қалың үрей құшағында ұстап отырған жайы бар. Айғақ үшін айта кетейін, өткенде жаңағы айтқан күрделі жөндеуден өтіп жатқан туалеттерді көре кетейін деп Тонстудияға соғып, екінші, үшінші қабаттарға көтеріліп едім, бұрындары құшақтасып амандасып жүрген әріптестерімнің мені көре сала кабинеттеріне жалма-жан кіріп кетіп жатқанын байқадым. Сөйтсем, мына тирансымақ кішкентай деспоттар барлық жерге, тіпті кабинеттерге шейін камера қойып тастады емес пе, егер де менімен амандасқандары камераға түсіп қалса, байғұс әріптестерім "Қазақфильмді" басып алған уақытша узурпаторлар тарапынан мен сияқты "ата жаумен" контакт жасағаны үшін жазаланамыз деп қорқады екен. Енді мына қызықты қараңыздар, егер мен киностудия территориясына кірер болсам, қайдан шыққаны белгісіз – сірә, есік көзіндегі күзетшілер хабарлайды бәлки камерадан көріп отырады – аяқ астынан "Қазақфильм" күзетінің бастығы пайда бола кетіп, менің басқан ізімді күзетшілеріне аңдытып қоятын болыпты. Осылайша менің қайда бара жатқанымды, кіммен сөйлескенімді қолдарындағы рациямен бір-біріне жан-дәрмен хабарлап жатады. Уақытша узурпаторлардың НКВД-ский бұл тыңшылық тәсілі – жалғыз маған ғана емес, барлық қазақ тілді киногерлерге қарсы қолданатын сүйікті әдістерінің бірі болып алған.
Бізді қойшы, қазір Киногерлер одағының төрағасы Адай Әбелдиновтің өзі "Қазақфильмге" аттап баса алмайтын болған. Айтыңыздаршы, мұндай сұмдық "Қазақфильм" тарихында бұрын-соңды болып па еді?! Болмақ түгілі, Киногерлер Одағының төрағасы ресми шығармашылық тұлға ретінде Қазақстан Республикасының Парламентіне сайлаудан тыс депутат бола алатын яғни ҚР Парламентінің Мәжілісінде бір орын үнемі Қазақстан киногерлер Одағының төрағасына тиесілі болатұғын. Кейін Н Назарбаев билігі мұндай мәдени-қоғамдық күштердің рухани әлеуетін әлсірету үшін шығармашылық одақ басшыларының бұл мандаттарын оп-оңай жоя салды. Кейін бұл орындарға Қазақстан Халықтары ассамблеясынан депутаттар тағайындалатын қылды. Сөйтіп Шығармашылық одақтарды билікке ықпал ету тетігінен айырды, осылайша олар шығармашылық құқықтары мен ұжымдық мүдделерін қорғай алмайтын болып қалды. Мұның соңы не болғанын көріп отырсыздар – кинематографистерге ит те, құс та қожа болып алды. Ал отыз жылдан бері бір кинематографиске бұйырмаған ҚР Парламентінде бұл күнде кім жоқ дейсіз, тіпті салафит-уаһабиттерге дейін депутат қылып қойған, тек ұлттық кино мен ұлттық музыка – ән мен күй иелеріне, Республика Парламентінде еш орын жоқ. Бұл дегеніңіз – көркем өнер мен еркін шығармашылық өкілдеріне, ең бастысы, ұлттық құндылықтар иелеріне яғни ұлттық код носительдеріне еліміздің саяси билік пен мәдени-рухани кеңістігінде еш орын жоқ деген сөз емес пе? Басқа ештеңе емес. Қазір атақты режиссерлеріміз бен ардагер киноактерлеріміз яки даңқты кино қайраткерлеріміз –
ҚР Парламентіне депутат болмақ түгілі "Қазақфильмге" яғни өздеріне ежелден етене – төл студиясына кіре алмайтын болған.
Қадірлі кинематографистер, өздеріңіз айтыңыздаршы, осылай төрт көзіміз түгел отырғанда, барлығымыз үшін сүйікті әрі жылы ұя һәм қара шаңырақ – "Қазақфильмді" тап осындай кешегі ГУЛАГ – сталиндік лагерьлер сияқты режимный объектіге айналуына қалайша жол беріп алдық? Мұндай кепке қалай ұшырадық? Қай қылығымыздан жаздық? Бәлкім, бұл "Қазақфильм" үшін, жалпы ұлттық кино үшін жан аямай күреспегеніміз үшін – Құдайдың жіберген жазасы шығар, жоқ әлде бұл киностудияны бандиттер басып алып жатқанда еш қайрат қылмай, қарсылық көрсетпегеніміз үшін Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев сынды ұлы аруақтардың назасы ма?
Кешегі Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков заманында Мәдениет министрлері өнер мен мәдениет өкілдерінен төбесінен құс ұшырмап еді. Соның ішінде киногерлер де бар едік Ал енді не болды? Біздер лайық па едік – мұндай қорлыққа?! Айтыңыздаршы?!
Өткен ғасырда Америка Құрама Штаттарының қоғамдық орындарының есігіне "Иттер мен қара нәсілдерге кіруге болмайды" деп жазып қояды екен. Киногерлер, біз қазір мына Айдар Омаров бастаған уақытша узурпаторлар тарапынан Американың иттері мен қара нәсілдері көрген кемсітушілікке ұшырап отырмыз. Өнер иелерін кемсіту, оларға госзакупщиктен бастық қойып қорлау – нәсілдік кемсітушіліктен бір де кем емес – масқара. Қазақта сөз бар еді "Тырнадан қарауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпес" деген. "Қазақфильмде", жалпы ұлттық кинода осындай журавлик жуликтердің күні туып, дәурені жүріп тұр. Ең сұмдығы, еліміздің күллі киногері жиылып, бұл қорлыққа қарсылық көрсете алмай, үнсіз төзіп отырмыз. Аштыққа, жоқшылыққа, ауруға төзуге болады, бірақ қорлыққа төзуге, сорлылыққа көнуге еш болмайды! Ал біз, киногерлер, адамзатқа ортақ дегдар өнер иелері – бұл қорлыққа әм төзіп һәм көніп отырмыз.
Бұл – Илон Маск Марсқа ұшуға ыңғайланып жатқан XXI ғасырда адам естіп, көз көрмеген сұмдық әрі ел билігі үшін өте шетін һәм ұят жағдай!
Бұл – Қазақстан Республикасында ешқандай мемлекеттік идеология жоқ деген сөз!
Бұл – Қазақстан Үкіметі ешқандай ұлттық және адамзаттық құндылықтарды қадірлемейді деген сөз!
Бұл – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі "Жаңа Қазақстанға" саботаж жасап, қалың бұқараны рухани деградацияға ұшыратуда деген сөз!
Әйтпесе, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай жиындарында
Ұлттық идеология көңіл бөлінсін делі ме – деді!
Ұлттық кино – анимациялық фильмдер жасаңдар деді ме – деді.
Ал ҚР Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева болса, еліміздегі ұлттық анимациялық кино өнімдерін шығаратын жалғыз мемлекеттік студия – "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігін Астанаға көшіремін деп әлек.
Егер, "Қазақанимацияны" Астанаға бұлайша заңсыз көшірген жағдайда 58 жылдық тарихы бар "Қазақанимация" мультипликациялық студиясы жойылып кетпек.
Өйткені, біріншіден, "Қазақанимацияның" Астанада салынулы тұрған баспанасы жоқ. Кезінде Астанаға көшірілген республикалық Қуыршақ театры сияқты "Қазақанимация" да үйсіз-күйсіз қаңғып жүреді де, афералық топтардың алаяқтық ойындарының салдарынан далада қалғандықтан тарап кетеді.
Негізгі себеп, "Қазақанимацияға" ешкім басыбайлы баспана тауып бермейді. Алғашқы жылы көшіруге мүдделі алаяқ топтар ғимарат жалдап беріп, көз алдай тұрады. Алайда олар "Қазақанимациядан" өздері күткендегідей пайда таба алмағандықтан, бұл шығармашылық бірлестіктен бастарын ала қашпақ. Сөйтіп "Қазақанимация" иесіз қалмақ
Екіншіден, "Қазақанимацияны" Астанаға көшіремін деп жүрген мүдделілер үнемі сыбайлас жемқорлықпен айналысып, мафия деңгейіне көтеріліп алған әккі ұйымдасқан топтар. Әртүрлі алаяқтық схемаларды меңгерген олар креативті индустрия жасаймыз деген ұранды алға тартып, МәдАқ министрлігіндермен де ауыз жаласып алып отыр. Бір сөзбен айтқанда, "Қазақанимация" Астанаға көшкен соң қаржылық алаяқтардың қолына түспек.
Үшіншіден, "Қазақанимацияны" Астанаға көшіріп кретивті индустрия жасаймыз, ол үшін гик мәдениет жобасын жүзеге асырамыз деген Кочетовтің сөзі сандырақ. "Қазақанимацияны" – аты айтып тұрғандай, ұлттық анимациялық фильмдер түсіретін еліміздегі жалғыз мемлекеттік студия. Ал гик мәдениет ол аты-заты жоқ тексіз, ұлттық мәдениетті қиратуға арналған батыстық диверсиялық күштердің жобаларының бірі. Өткенде вице министр Кочетов өзі мойындағандай "Қазақанимацияны" осы гик-мәдениет насихатшыларының қарамағына бермек. Бұл үшін министрліктің осы азғын жобаларды насихаттайтын Komic con Asтана атты фестивалі өтіп жатыр екен. Мен бұларды "Қазақанимацияны" құрту үшін жасалып жатқан диверсиялық жобалар деп айыптаймын. Яғни батыстық субмәднниетті насихаттайтын "Komic con Asтана" фестивалі тұрғанда, вице министр Е. Кочетов өзі айтқандай, МәдАқ министрлігі батыстық гик мәдениет насихатына приоритет беріп жатқандары Президент Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұлттық анимация жасаңдар деген тапсырмасына қайшы. Кочетов болса гик мәдениет, гик мәдениет деп қояр емес. Қарасаң, А.Балаева екеуінің Қ.Тоқаевтың тапсырмасына түкіргені бар.
Төртіншіден, еліміздегі анимациялық жекеменшік студиялардың 82 пайызы Алматыда орналасқан яғни 58 жылдық тарихы бар ұлттық анимация өнері Алматыда өсіп, өркендеуде. Шығармашылық ресурстар мен техникалық базалардың барлығы Алматыда шоғырланған. Тіпті аниматорлар дайындайтын Жүргенов атындағы Өнер Академиясы да осында.
Бесіншіден Шәкен Айманов атындағы"Қазақфильммен" Әмен Қайдаров негізін салған "Қазақанимацияны" бір-бірінен айыруға әсте болмайды. Мына қатал нарықтық заманда екі ұлы киногер негізін алған қос студия бір-бірімен септесіп күн көрмек. Оған дәлел –қазіргі болып жатқан жағдайлар. "Қазақфильм" мен "Қазақанимацияны" бірнеше жылдан бері тексіз нувориштер тарапынан болған шабуылдарға төтеп беруде.
Алтыншыдан, жоғарыда айтқандай, "Қазақанимацияны" Астанаға көшірудің заңсыздығы мәселесіне келеміз.
ҚР Цифрлық даму иновациялық және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігінің 2022 жыл, 23 тамыз күнгі N 292/НК бұйрығы бойынша Аstsna Hub халықаралық технопаркіне 50% және одан жоғары акциясы Мемлекет қарамағындағы заңды тұлғалар қатыса алмайды. Ал Шәкен Айманов атындағы "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігінің 100% акционері Мемлекет оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігі болып табылады. "Қазақанимацияны" Астанаға көшіреміз деп жінігіп жүргендер осы заңды оқымаған-ау шамасы.
"Қазақанимация" жөнінде болып жатқан сұмдықтардың жалпы сипаты осы. "Қазақфильм" жөнінде бар мәселені өздеріңіз білесіздер – ахуал аса ауыр әрі ол күннен күнге асқынып барады.
Ал, енді қайтпек керек, қадірлі киногерлер?!
Осы орайда қадірменді киногерлер, Төтенше Пленумға қатысушылар, сіздердің талап, тілектеріңіздің негізінде және басқа да ұсыныстарыңызды ескере келе, ҚР Үкіметіне 9 ресми талап қоюды жөн деп шештік әрі бұл талаптарды минимум және максимум деп екіге бөлдік.
Атап айтқана, минимум яғни төтенше талаптар:
1. Қазіргі Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева дереу доғарысқа жіберілсін!;
2. "Қазақфильмнің" уақытша басшылары Айдар Омаров пен Әсет Ерназаров қызметтерінен дереу босатылсын;
3. Ұлттық киноға оның ішінде Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясына кино өндірісін білетін және коллективпен тіл табыса алатын ұлттық менеджер келсін;
4. "Қазақфильмге" басшылыққа келмек үміткердің кандидатурасы Қазақстан киногерлер Одағының Басқарма мүшелерімен келісілсін;
5. "Қазақанимацияны" Астанаға көшіру мәселесі күн тәртібінен мүлде алынып тасталсын және бұл шығармашылық бірлестіктің тағдыры осы саланың мамандарымен ашық талқыланып шешілсін
Бұлар минимум міндеттер, енді максимум міндеттерге келейік:
6. Еліміздің киноиндустрия саласы ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің құзырынан шығып, Мемлекеттік кино комитеті немесе агенттік ретінде тікелей ҚР Үкіметке бағынатын Мемлекеттік кино комитеті немесе жеке агенттік болып өз алдына дербес мекеме болып қайта құрылсын;
7. Ұлттық Киноны қолдаудың Мемлекеттік орталығы (ГЦНПК) ҚР Мәдениет министрлігі шенеуніктерінің жеке мүддесі үшін құрылған және өзін-өзі идеологиялық әрі қаржылық тұрғыдан ақтамаған мекеме ретінде жойылып, оның атқаратын функциялары Мемлекеттік кино комитеті мен Қазақстан киногерлер Одағына, ішінара "Қазақфильмге" бөлініп берілсін;
8. Біз яғни киногерлер қауымы – Мемлекетке жау, Үкіметке дұшпан емеспіз. Бізді жазықсыз жау қылып көрсетіп отырған біліксіз басшылар мен киногерлермен өлердей өш – МәдАқ министрі яғни осы министрдің қасақана жүргізіп отырған теріс саясатының саботаждық салдары. Сондықтан Қазақстан киногерлер Одағы, алдағы уақытта яғни министр А Балаева отставкаға жіберіліп, "Қазақфильмнік уақытша басшылары орыннан алынған соң, Үкіметпен бірден стратегиялық әріптестік орнатуға әзір екенімізді мәлімдейміз. Әзірше, бұған А. Балаева еш мүмкіншілік берер емес, бермейді де!;
9. Егер бұл талаптар орындалмаған жағдайда барлық Киногерлер Одағының мүшелері түрлі наразылық акцияларына шығуға мәжбүр болатынымызды хабарлаймыз.
Қазақстан киногерлер Одағының Төтенше Пленумы
14.05.2025.