Көзіңіз бұлдырай ма? Мүмкін, мәселе көзілдірікте емес, ауа райында шығар
Климаттың өзгеруі бүгінде тек мұздықтардың еруі немесе теңіз деңгейінің көтерілуі сияқты экологиялық мәселелермен шектелмейді. Соңғы ғылыми зерттеулер көрсеткендей, жаһандық жылыну адам денсаулығына, оның ішінде көздің көру қабілетіне тікелей қауіп төндіруде. Катаракта, кератит, конъюнктивит секілді көз ауруларының өршуіне әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі — климаттың шектен тыс жылынуы мен ультракүлгін сәулеленудің күшеюі.
Климат пен көру қабілеті арасындағы байланыс
Көз — адам ағзасындағы ең сезімтал әрі нәзік мүшелердің бірі. Оның құрылымы жарық пен температураның өзгерісіне бейімделіп тұрады. Бірақ соңғы жылдары орташа жаһандық температураның күрт өсуі бұл жүйенің тұрақтылығына нұқсан келтіре бастады. Мысалы, 2024 жыл Жер шары тарихындағы ең ыстық жыл болды. Бұл көрсеткіштің өзі көптеген денсаулық салаларындағы дабыл қағарлық жағдайлардың басталғанын білдіреді.
Климаттың көру қабілетіне тигізетін басты зияны — көздің ішкі линзасының (хрусталиктің) зақымдануы. Әдетте хрусталик құрылымы таза, мөлдір күйінде сақталып, көздің фокус жасау функциясын атқарады. Бірақ күн сәулесіндегі ультракүлгін сәулелер мен жылу әсерінен бұл линзалардағы нәзік ақуыздар бұзылады. Нәтижесінде, хрусталик бұлдырап, көру қабілеті төмендейді. Бұл — катаракта ауруының басталуы.
Катаракта және климат
Катаракта — әлем бойынша 94 миллионнан астам адамға диагноз қойылған, көру мүшесінің ең кең таралған ауруларының бірі. Бұрын бұл дерт қарттықпен байланысты деп есептелсе, соңғы деректер оның жас адамдар арасында да жиі кездесетінін көрсетіп отыр. Бұған басты себеп ретінде климаттың өзгеруімен байланысты факторлар алға тартылуда.
Осы орайда Испанияда жүргізілген бір зерттеу нәтижесі аса маңызды: 10 жылдық бақылау барысында зерттеушілер ауа температурасы жыл сайын орташа 1°C-қа артқан сайын, 100 000 адамға шаққанда 370 жаңа катаракта жағдайы тіркелетінін анықтаған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірлерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Өйткені мұндай өңірлерде халық күн астында ұзақ уақыт жұмыс істеп, көзді қорғау шараларын қолдана бермейді.
Үнді фермерінің хикаясы
Катарактаның нақты мысалын Үндістандағы Алка Камбл есімді фермер әйелдің оқиғасы айқын сипаттайды. Ол бірнеше ай бойы көру қабілетінің нашарлағанын байқаса да, дәрігерге баруға мүмкіндігі болмаған. Ақыры тегін көз тексеру акциясы кезінде катаракта диагнозы қойылып, оған жедел операция қажет екені анықталған. Камблдың айтуынша, жылдар бойы күн астында, тікелей ультракүлгін сәуле әсерінде жұмыс істеу оның көзіне айтарлықтай зақым келтірген. Соңғы жылдары Үндістандағы ыстық толқындардың жиілеп, температураның шектен тыс жоғарылауы жұмыс істеуге де кедергі келтіретін деңгейге жеткен.
Басқа да көз аурулары өршіп келеді
Климаттың өзгеруі тек катаракта емес, басқа да офтальмологиялық аурулардың жиілеуіне әкеліп отыр. Мысалы:
Кератит – көздің сыртқы қабығы (роговица) қабынып, ауырсыну мен жарыққа сезімталдық тудырады.
Птеригиум – көздің ақ қабығында етті тіндердің өсуі байқалады, бұл эстетикалық жағынан ғана емес, көру қабілетіне де кедергі келтіреді.
Конъюнктивит – аллергия не инфекция салдарынан көздің қызарып, ашып, іріңдеуі.
Бұл аурулардың барлығы дерлік ультракүлгін сәулеге ұзақ уақыт бойы ұшыраған адамдарда жиі кездеседі. Әсіресе құрғақ және шаңды ауа, жоғары температура, ылғалдылықтың төмендігі көздің табиғи ылғалдану және өзін-өзі тазарту қабілетін әлсіретеді.
Әлеуметтік теңсіздік пен қауіп
Климаттық факторлардан туындайтын көз аурулары көбіне әлеуметтік осал топтарда жиі кездеседі. Ауыл тұрғындары, фермерлер, күнкөрісі сыртта жұмыс істеуге байланысты адамдар күннен қорғану құралдарына (сапалы көзілдірік, бас киім, медициналық тексеру) қол жеткізе бермейді. Ал аурудың алдын алудың жалғыз жолы — ерте диагностика және қорғаныс құралдарын тұрақты пайдалану.
Не істеу керек?
Мамандар мен халықаралық ұйымдар климаттың көзге әсерін азайту үшін келесі шараларды ұсынады:
Күннен қорғайтын көзілдіріктерді қолжетімді ету — әсіресе ауылдық жерлерде.
Медициналық ағарту жұмыстарын жүргізу — ультракүлгін сәуленің зияны туралы ақпараттандыру.
Жергілікті деңгейде тегін көз тексеру акцияларын ұйымдастыру — дер кезінде диагноз қою арқылы аурудың алдын алу.
Қоршаған ортаны қорғау және климаттың жылынуын тежейтін саясат жүргізу — жаһандық шешімдердің де орны бөлек.