logo
search
menu
Жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен қазақстандық сұмдық жағдайларды айтты (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөзден алынды

Жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен қазақстандық сұмдық жағдайларды айтты (ВИДЕО)

Оңтүстік-Шығыс Азияның тропикалық джунглилері мен тыныш өзендерінің тасасында қазіргі заманның ең қорқынышты қылмыстық индустриясы – кибер-құлдық гүлденіп тұр. Мьянмадағы «Кей-Кей Парк» (KK Park) сияқты жабық қалашықтар сырт көзге кәдімгі бизнес-орталық немесе студенттер жатақханасына ұқсағанымен, оның бетон қабырғаларының артында мыңдаған адамның тағдыры талқандалуда. Бұл жерге алданып келгендер – IT мамандары, аудармашылар немесе жай ғана шетелден табыс іздеген жастар. Олар ерікті түрде келіп, соңында қарулы күзеттің астында алаяқтықпен айналысуға мәжбүр болады.

Бәрі де «HeadHunter» сияқты беделді порталдардағы тартымды хабарландырудан басталады. Қазақстандық маманға Бангкоктағы ірі IT-компаниядан техникалық қолдау көрсету позициясына айына 4000 доллар жалақы ұсынылған. «Жұмыс берушілер» компанияның фейк сайтын көрсетіп, жайлы пәтер мен заманауи кеңсенің суреттерін жіберіп, сенімге кіреді. Тіпті жол билетін де өздері сатып алып береді.

Алайда, Бангкок әуежайына қонған сәттен бастап сценарий өзгереді. Құрбанды қымбат «Toyota Alphard» көлігімен күтіп алып, үш күннен кейін Мьянма шекарасындағы Майсот қаласына бағыттайды. Шекаралас өзенге жеткенде, алдамшы «мәдениеттілік» жоғалып, іске қарулы адамдар кіріседі. Өзеннен қайықпен өткен сәтте адамның құқығы да, еркіндігі де жойылады. «Егер қашсаң, джунглиде жабайы аңдар жейді немесе күзетшілер атып тастайды» деген қорқыныш адамды сеңдей қатырып тастайды.

KK Park: Алаяқтық фабрикасының ішкі тәртібі

«Кей-Кей Парк» – бетон қабырғамен қоршалған, 24/7 күзетілетін және камералармен жабдықталған тұтас бір қалашық. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен – ТМД елдерінен, Қытайдан, Африка мен Үндістаннан келген жүздеген адам құлдықта ұсталады. Жаңадан келгендерге еш түсініксіз қытай тіліндегі құжаттарға қол қойдырып, «өтемақы» ретінде 20-дан 50 мың долларға дейін қарыз іледі.

Мұндағы жұмыс – «Pig Butchering» (шошқа сою) деп аталатын романтикалық алаяқтық. Әрбір «жұмысшыға» әлеуметтік желілерде 200-ге жуық жалған аккаунт ашылады. Олар табысты бизнесменнің кейпіне еніп, Еуропа мен Ресейдің ауқатты әйелдерімен танысуы тиіс. Алаяқтар құрбандарының сеніміне кіру үшін бір ай бойы күнделікті сөйлесіп, соңында оларды фейк крипто-биржаларға ақша салуға көндіреді. Бір қызығы, құрбанның жағдайын алдын ала тексеріп, оның мүлкі мен табысын «пробивать» етіп алады.

Жасанды интеллект және цифрлық маскалар

Бұл орталықтардың технологиялық жабдықталуы таңғалдырады. Кеңселерде арнайы «AI-бөлмелер» (жасанды интеллект бөлмесі) жұмыс істейді. Видеоқоңырау кезінде бағдарлама адамның бет-әлпетін толықтай өзгертіп, оған сұлу модельдің немесе сымбатты ер адамның маскасын кигізеді. Бұл маска тіпті адам тілін шығарса да немесе бетін сипаса да бұлдырамайды. Фонда «бай кеңсе» немесе «Дубайдағы зәулім үйдің» суреттері тұрады.

Тіпті, кәсіби монтаж мамандары құрбанның дауысын қажетті бейнежазбаларға сапалы түрде қондырып береді. Мұндай «цифрлық спектакльдің» арқасында бір адамнан бірден 150 мыңнан 900 мың долларға дейін ақша жымқырылатын жағдайлар жиі кездеседі.

Жазалау мен азаптау: Қызыл сызықты аттағандардың тағдыры

Скам-орталықтарда қатаң «қызыл сызықтар» бар. Егер «жұмысшы» өз бетімен жақындарына хабарласса немесе құрбанына жаны ашып, ақпаратты өшіріп тастаса, ол қатал жазаланады. Бір оқиғада ресейлік бес баланың анасын аяп, чатты өшіріп тастаған қазақстандық жігітті 12 сағат бойы дыбыстық азаптауға салған. Оны жарқылдаған стробоскоптар мен құлақты жаратын металл сүйкелісі мен шошқаның шыңғыруына ұқсас дыбыстар шығатын колонкалардың ортасына отырғызып қойған. Мұндай қысымнан кейін адамның миы «өшіп», зомби күйіне түседі.

Бұдан да сорақы азаптау түрлері бар: адамды кісендеп қойып, 18-19 сағат жұмыс істету, электр шокерімен ұру немесе аяқ саусақтарына қант жағып, құмырсқаларға таланту. Кейбір мәліметтер бойынша, тіпті адамдарды мүшелерге (органдарға) сату туралы қауесеттер де айтылады. Аурухана орнына жай ғана түсініксіз сұйықтықтармен толтырылған жүйелер (система) қойылады, ал гигиенаның жоқтығынан адамдар қарапайым диареядан қайтыс болып жатады.

Бостандыққа барар жол: 50 мың долларлық өмір

Бұл тозақтан шығудың жалғыз жолы – төлем (выкуп) төлеу. Қазақстандық азаматтың отбасы оның өмірі үшін 50 мың долларды криптовалюта арқылы жіберген. Бұл ақша төленгеннен кейін де бостандыққа шығу оңай болмаған. Мьянма армиясы мен шекарашылар арасындағы қақтығыстардың кесірінен олар екі апта бойы қамауда отырып, түн жамылып, оқ астында шекарадан қашып өткен.

Тайланд аумағына өткеннен кейін де қиындықтар аяқталмады. «Адам саудасының құрбаны» мәртебесін алғанға дейін олар көші-қон түрмелерінде отыруға мәжбүр болды. Онда 140 адаммен бірге тар камерада жатып, тамақ (күріш) үшін қытайлық мафия мүшелерімен төбелесіп, тіс щеткаларынан «заточка» жасап қорғануға тура келген.

Еліне оралғаннан кейін де бұл адамдар қалыпты өмірге сіңісіп кете алмайды. «Жеңіл ақша іздеп кеттің» деген қоғамның айыптауы мен ішкі өкініш оларды жегідей жейді. «Біз тек тірі қалғымыз келді, үйге оралғымыз келді» дейді құлдықтан аман қалғандар.

Мамандардың айтуынша, Мьянмадағы бір «Кей-Кей Паркті» қиратқанмен, Лаос, Камбоджа және Вьетнамда мұндай орталықтар саңырауқұлақтай қаптап өсіп жатыр. Бұл – бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұрған трансұлттық қылмыстың жаңа түрі. Сондықтан, шетелден күмәнді жұмыс іздегенде, ең алдымен өз өміріңіздің құнын ойлаған абзал. Себебі, цифрлық дәуірдің құлдығынан бәрі бірдей тірі оралмайды.