«Жалпы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы сайланды. 2024 жылы екінші сайлауы, 2029 жылы соңғы сайлау болады. Қалай болғанда да Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттік өкілеттілігі 2029 жылы бітеді. Сондықтан президент қалған тоғыз жылымды үзбей, ортасында сайлау өткізбей, халықты алаңдатпайын деп ойлаған шығар. Себебі сайлау болған соң түрліше қауесет, әңгіме көбейеді. Сондықтан биыл сайланып, 2029 жылға дейін өкілеттігімді пайдаланып, «Жаңа Қазақстан» деген идеяны үзбей, сабақтастықпен өткізу ниеті болған болар. Енді Тоқаевтан кейінгі президенттің, Тоқаевтан кейінгі заманда сайлау заңының қалай болатынын айту қиын. Әсіресе біздің елде көп өзгерістер болып тұрады. Өзінің ойынша, сайлау 2024 жыл болсын, 2022 жыл болсын «бәрібір мен өтемін» деген сенімі бар. Ол сенім дұрыс па, қате ма, оның төңірегін халық ойланып, пікір айта жатар. Бірақ бүгін көзге түсіп, президент болардай тұлға көрінбейді», – деді Амангелді Айталы.Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлына тең тұлға жоқ деп айтуға болмайды. «Президент болатын азаматтар бар. Қасым-Жомарт Кемелұлынан кем бола ма, артық бола ма оны уақыт көрсетер» деген пікір білдірді қоғам қайраткері.
«Мәселен, халық аузында Тасмағамбетовтың аты айтылады. Ол талай мемлекеттік қызметте жүріп, Премьер-министрге дейін жетіп, талай жұмыстар атқарды. Өзінің пікірі, өткір сөзі, қазақы мықты психологиясы, басқа ұлттарға өзінің жағымды қасиеттері бар. Алматылықтардың, Астана секілді қала халқының ойынан шығып, жоғары баға алған азамат. Осы додаға биыл түссе, Қасым-Жомарт Кемелұлын біраз ойландырар еді», – деді ол.
Taulik.kz