Пәтерақыны өсіру, пәтерден қуу заңды ма – заңгер жауабы
Пәтерақыны өсіру, пәтерден қуу заңды ма – заңгер жауабы
ашық дереккөзі
«Пәтерақыны өсіру заңды ма?», «пәтер иесі пәтер жалдаушыны кез келген уақытта үйден шығарып жібере ала ма?» деген секілді сұрақтар қазір ең маңызды әрі өзекті тақырыпқа айналды.
Ресейден ағылған халықтың әсері жергілікті тұрғындарға бірінші күннен-ақ тиіп жатыр. Атап айтқанда: пәтерақының 200 мыңнан 500-700 мың теңгеге дейін көтерілуі. Әсіресе, Алматы қаласындағы пәтер бағасының қымбаттауы үйсіз жүрген отбасылардың, студенттердің далада қонуына, тағы да үйе іздеп сандалуына алып келді. Осы мәселенің анық-қанығын заң жүзінде білу үшін заңгер Дамир Балтабаевпен тілдестік.
Заң жүзінде пәтер иесінің бағаны аяқастынан көтеруге толық құқығы бар ма?
Егер пәтер иесі мен пәтер жалдаушының арасында келісімшарт болса және ондағы үй иесі бағана көтеруге қатысты жолды көрсетсе, екі жақ бірге қол қойса, ендеше ақыны көтеруге толық негіз бар. Бұл жерде тек адамгершілік қана рөл ойнайтынын айта кеткен дұрыс.
Келісімшарттың нақты бір үлгісі бола ма, яғни, екі адам арасындағы келісімнің заң жүзіндегі нақтыланған нормасы?
Азаматтық кодексте норма қарастырылған. Алайда ол нормада түрлі пункт болуы мүмкін. Бұл келісім тек екіжақты өзара ымыраға келу арқылы жасалады. Ол жерде көрсетілген пунктер бойынша пәтерді жалдаушы тарап келісім берсе, ендеше орындауға міндетті болады.
Пәтер иесі кез келген уақытта үйде жалдаушыларды шығарып жібере ала ма?
Кез келген уақытта шығарып жібере алмайды. Әрине, егер олардың арасында келісімшарт болған болса. Себебі онда көрсетілген келісімге, пункттерге мән беру керек. Бұдан бөлек пәтер иесі қыс кезінде немесе жылу уақытында пәтер жалдап тұрушыны шығара алмайды. Бұл заңмен бекітілген норма. Яғни мұндай жағдайда пәтер иелері сотқа жүгіне алады. Мәселен, келісімшарт жасалған болса, үй иесі оны заң арқылы бұзып, пәтерден жалдап тұрушыларды шығарғысы келуі мүмкін, егер жылу уақытына тура келсе, сот оны көп жағдайда пәтерді жалдап тұрушылардың пайдасына шешеді.
Қыс келе жатыр, мұндай жағдайда қандай шара болады? Себебі пәтерді жалдап тұрушылардың дені студенттер мен жас отбасылар, көпбалалы аналар және әлеуметтік жағдайы төмендер ғой?
Бұл жерде нақты шара – келісімшарт. Заң негізінде бәрін қарап, дұрыс келісім жасап, үйге орналасқан дұрыс. Адамдар өздерінің құқығын білмегеннен далада қалып қойып жатыр, ал пәтер иелері ойларына келгенін істеп отыр.
Келісім жасалмаған жағдайда қалай болады? Үйде отырғандар далада қала ма?
Ауыр болса да айтайын, егер мүлде келісім болмаса, онда солай істеуге мәжбүр болады. Бірақ пәтерді жалдап тұрушылар үй иесін өзара келісімшарт жасамады, салық төлеуден жалтарды деп сотқа бере алады. Яғни пәтер иесі бұл жолды ақша табу ретінде пайдаланған екен, оған міндетті түрде ИП ашып, заң жүзінде жұмыс істеуі керек.