Қазақ ешқашан қыздың тұсауын кеспеген
Қазақ ешқашан қыздың тұсауын кеспеген
ашық дереккөзі
Тіліміз анамыз болса, әкеміз тарихымыз ал біздің қаруымыз салт-дәстүріміз. Ендеше бізге қару болатын салт-дәстүрімізді келешек ұрпаққа дұрыс насихаттай білу маңызды. Осы ретте Шымкенттегі әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлшат Жаһанқызымен тілдескен едік.
Кезінде ата-бабаларымыз неге тек қана ұлдардың тұсауын кескен?
Жалпы кезінде ата-бабаларымыз ысырапшылдыққа жол бермеген. Яғни кез келген дүниені тойға ұластырмаған. Әр нәрсені өзінің ретімен жасаған. Сол үшін де кез келген баланың тұсауын кеспеген. Баласы тұрмай, қайта-қайта шетінеп жатқан үйдегі баланың тұсауын кескен. «Бала тұрақтасын, енді өлім болмасын» деген ниетпен тұсаукесер жасаған. Сосын ауыруға, кеселге шалдыққан баланың тұсауын кескен. Ондағы мақсат ауыру бала қатарынан қалмасын, тез аяғына тұрып кетсін деген. Кейін елден жырақ жүрсе де кейін өз шағырағына оралсын деген мақсатта қара шаңырақта қалатын баланың тұсауын кескен. Сосын қазақ ешқашан қыздың тұсауын кеспеген. Жүрісі «сұйылып» кетеді деген ұғым болған.
Қазіргі таңда қандай салт-дәстүрлерімізді қате қолданып жүрміз?
Қазіргі таңда көп дүниені қате қолданып жүрміз. Дәстүріміз лайланып жатыр. Осы лайланған дәстүрді ұрпақтарымызға жеткізсек келешегіміз не болмақ? Мысалы, қазір тұсаукесер жасаған кезде кішкентай ғана матаны шектеп оны баланың аяғына айқастырып байлайды. Негізінен жіпті айқастырып байламаған. Сосын балаға тәй-тәй деп, оның алдына ақша, кілт, домбыра қойып жатады. Осылайша оңай жетістікке жетуді көздеген көзқарасымызды білдіріп жатамыз. Жалпы бұл бізге сырттан келген кірме дәстүр. Нақтырыға кәріс ұлтынан келген дәстүр. Кәрістерде бала бір жасқа толған кезде айлаласындағы күллі жақсыны баланың айналасына жинаған, содан баланың бағыты қайда соған қарай биімдеп өсірген. Жалпы бізде тұсаукесер алдында бірінші баланың күрмеуін шешкен Күрмеу дегеніміз үйдің оң босағасына қағылатын қазыққа байланатын ұзын арқан. Бір ұшы баланың оң аяғына байланса, екінші ұшы қазықтың басына байланады. Бұл «жырақта жүрсе де елге оралсын» деген мақсатта жасалған. Осы күрмеуді шешетін адамдар негізінен жас жігіттер болған. Тұсаукесер жасап жатқан үйде той болады ғой, көпшілік жиналады. Түрлі жарыстар болады. Осы жарыста озып келген жігітке күрмеуді шештіреді, одан кейін барып баланың аяғына ала жіп байлайды. Оны негізінен әкесі байлаған. Елдегі елгезек, ширақ жігіттерге баланың тұсауын кестірген. Кейін көк шөпке қарай жетелеген. Сосын қазақта ешқашан нағашы жақ жиенге бесік алып келмеген. Бала ананың құрсағына біткеннен бастып, баланың әкесі өзі бесікті жасаған немесе ұсталарға жасатқан. «Нағашы жақ жиенге бесік алып баруы керек», - деген нәрсе ол өзбек халқына тән дәстүр. Демек біз өзбек ұлтының дәстүрін қолданып, соны насихаттап жүрміз.
Дәстүрді дұрыс дәріптеу үшін не істеу керек?
Жалпы кез келген дүние отбасынан басталады ғой. Сол себепті үлкендеріміз салтымызды, дәстүрімізді балаларына дұрыс үйретсе деймін. Тек сөзбен айтып қоймай оларға жасап көрсетсе деймін. Салт-дәстүрімізді зерттеуден ешқашан жалықпау керекпіз. Ізденейік, оқиық. Дәстүріміздің дұрысы қайсы, бұрысы қайсы әуелі соны өзіміз үйренейік те кейін ұрпағымызға үйретейік. Дәстүріміз біздің рухани дәруменіміз. Жалпы салт-дәстүрді дұрыс білген бала ешқашан жаман болмайды.
Taulik.kz