«Айтсыншы, медиктер БЦЖ салған қателігін қалай білмейді? Мүмкін емес. Себебі, манту мен БСЖ-ның түрін бәлен жыл жасаған медиктер білу керек. Олар байқаған. Жасыру үшін БЦЖ екенін біліп, ата-аналардан жасыру үшін іріңді сығып, баланың қолына май жағып, бинт таққан. Оның өзі қылмыстық іс деп білемін», – деді Рауан ауылының тұрғыны Дәурен Өскінбаев.Қырық оқушының бәріне бірдей манту сынамасы емес, туберкулезге қарсы вакцина салынған. Оны білектен емес, иықтан төмен салу керек. Ал осы дәріні шатастырған жекменшік «Медикус» орталығының мамандары екен. Олар мемлекеттік тапсырыспен мектеп оқушыларына қызмет көрсетеді. Енді ата-аналар балаларының денсаулығына алаңдап отыр.
«Білек деген мына жер. Оның терісі жұқа. Ол организмге вакцина кіріп кетті. Балаларлың ағзасында жүр. Енді алты ай уақыт күтуімізді сұрайды. Күтіп отыратын болсақ, ешкім кепіл бермейді, ертең біреуі мүгедектікке алып келу жағдайы болуы мүмкін. Дәрігерлер қарау керек. Қолға алу керек дейді», – деді Рауан ауылының тұрғыны Шынар Бекболатқызы.Медицина қызметкерлерінің манту орнына басқа екпені шатастырып салғанын Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар да мойындап отыр. Қазір аталмыш екпені салуға жауапты дәрігер мен мейірбике тергеліп жатыр. Ал балаларға екпенің қандайда бір кесірі тие ме, жоқ па, оны ешкім айта алмайды.
«Қателікті жіберген – медициналық қызметкерлер. Олар өз қателігін мойындап отыр. Енді қырық екі балаға осындай жағдай болған соң, алдымызда не болатынын ешкім айта алмайды. Тек қана өзіміз айтатынымыз, басқа жерге салынып, техникалық ақау жібергені рас», – деді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.Екпе алған оқушылар енді алты ай бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Барлығын жекеменшік медициналық орталық ыстық тамақпен қамтиды. Бірақ ата-аналар білікті мамандарды жинап, балаларды толық тексеруден өткізіп берсін деп отыр. Сондай-ақ қателік жіберген дәрігерлер мен жекменшік емхананың да жауапқа тартылуын талап етеді.
Taulik.kz