Алдағы жексенбіде шығыс көршіде «мәңгілік көшбасшы» пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды Taulik.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Таяу күндері, 16 қазанда Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясының ХХ съезі ашылады. Оның барысында ҚХР-дің қазіргі төрағасы Си Цзиньпин партияның лидері лауазымына өз кандидатурасын үшінші рет ұсынады деп күтілуде.
Кеңес одағындағы сияқты, шың елінде де кім компартияны басқарса, бүкіл елдің басшысы сол болады. Тиісінше, Си үшінші рет ҚХР Төрағасы атанады.
Жалпы халықаралық сарапшылар оның үшінші рет қайта сайланатынына көп күмәнданбайды. Бірақ олар осының салдарынан жұңғо елінде ұзақ жылдар үстемдік етіп келген 2 реттен артық сайланбау туралы қағида мен тыйым бұзылғалы тұрғанына назар аудартады.
CNN Си Цзиньпиннің қайта сайлануы қарсаңында Бейжіңде наразылық шаралары өткенін хабарлады.
Бейжіңде эстакада жақтан түтін көтерілген. Сондай-ақ куәгерлер дыбыс күшейткіштер арқылы қарсыласуға шақырған ұрандар трансляцияланғанын хабарлады. Наразылық шараларының қайда өткені хабарланбаған.
Ал ВВС Компартияның тарихи съезі қарсаңында Қытайда тазалау жүріп жатқанын жариялады. ҚХР жоғарғы басшылығы буынындағы бірнеше бастық ең жоғарғы жазаға кесілген. Көршіде өлім жазасы қолданылатыны белгілі. Оппозиция осы арқылы билік қарсыластарынан арылып жатыр деп сынады.
Қалай болғанда, Сидің үшінші рет билік басына келуіне Қытай жұртшылығының кедергі келтіре алуы неғайбыл. Бұл елде жалпыхалықтық сайлау жоқ.
Ал экономистер Қытай ғажайыбы шегіне таяғаны жөнінде болжам айтуда.
Reuters агенттігі ҚХР экономикасы алаңдатып отырғанын жеткізді. Шығыс көршіде өнеркәсіптік өндіріс те құлдырап жатыр. Экономика қарқынын жоғалтып, баяулады.
Құлаққа тосын естілуі мүмкін, бірақ Қазақстан үшін Қытай көршісінде тұрақтылық пен даму болғаны тиімдірек. Себебі 1 миллиард 460 миллион халқы бар алпауыт елде зұлматты заман басталса, оның кесір-кесапаты көрші елдерді мұхиттың алапат толқындарындай басуы мүмкін.