12 767 адам қол қойған, жүз жыл бұрын жазылған қазақ тілі туралы құзырхат

12 767 адам қол қойған, жүз жыл бұрын жазылған қазақ тілі туралы құзырхат

ашық дереккөзі

... Қазақ халқының ағымдағы мұқтаждарын айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару керек, ол үшін газет шығаруды алдын ала тексерусіз (цензурасыз) жүзеге асыру және баспахана ашу мәселелерін тікелей шешу тәртібін орнату қажет болады. ... Болыс кеңселерінде іс қағаздары орысша жүргізіледі. Бұл көрініс, өз кезегінде, халық тарапынан бақылау қойылмағандықтан болыс басқарушысы (болыс старшын) писірінің өзімбілемдігіне жағдай туғызады. Дала бас губернаторының айрықша өкіміне сәйкес халық соттарының съездерінде үкімдер мен шешімдер орыс тілінде жазылып жүр, содан келіп сот пен екі жақтың бақылауы болмағандықтан писарлер (екі жерде екі түрлі жазылып жүр – Д.Д.) әдетінше ойларына келгенін істейді. Қолданылып жүрген «Дала ережесі» ұсынған штат бойынша уездер мен облыстық басқармаларда қазақ тілінің тілмаштары болуға тиісті, соған қарамастан жергілікті әкімшілік тілмаштыққа қазақша сауаты жоқ, кейде тіл білмейтін шенеуніктерді алып жүр. Қажеттік туа қалған жағдайда оның көлденең біреулерден көмек сұрауға мәжбүр болып жүргені. Ал қайсыбір крестьян бастықтары (қоныстанушылардың көбеюіне байланысты селоларды топтастырып басқаратын шинеуниктер. Әр уезде төртеуден болған. Бұлар – негізінен жергілікті жерде орыс мәселелерін жүргізетін лауазым иелері) қазақ тілінде жазылған хат-шағымдарды қабылдамайды да. Соның салдарынан қазақтар өз шаруасына пәлендей пайдасы болмаса да астыртын атбекеттерге (қорғаушыларға) ділгір болды. Қазақтар мүддесіне қарай мыналардың жүзеге асырылуы қажет: болыс кеңселері мен халық соттарына іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді енгізу, тілмаштық қызметке қазақша сауатты, тіл білетін адамдар алыну керек, қазақтардың аяқасты етілген құқықтары қалпына келтіріліп, олардың хат-шағымды өз ана тілінде беруіне жағдай жасалуы керек. Әділеттілікті жүзеге асырудың ең қажетті шарты – соттың өз арасында қызмет етіп отырған халқының тілін білуі. Соған қарамастан қазақ даласында қазақтың тілін білмейтін орыстар сот және тергеуші болып істеп жүр. Ал заңгер қазақтар, неге екені белгісіз, қазақтар көп тұратын уездерде қызметке тағайындалмайды, соның салдарынан Дала өлкесінде сот әділеттілігіне нұқсан келуде. Сондықтан соттардың қазақ тілін білгені жөн және қазақ даласында присяжный сот енгізілуі қажет...

1905 жылғы 26 маусым,

 Қоянды жәрмеңкесі.

Түпнұсқасына 12767 адам қол қойған.

Loading...