15 жасында 90 миллион теңге тапқан қазақ қызы
– Қандай бизнеспен айналысасыз? Соған тоқталып өтсеңіз.
– Мен айналысып жүрген бағыт – тауар бизнесі. Өзіме ұнайтын кеңсе тауарлары мен мектеп құралдары, косметика, киім, аксессуар және жастар арасында ерекше танымал заттарды сатамын. Қытай, Ресей және Кореямен жұмыс істейміз. Сонымен қатар ақпараттық бизнес әлеміне келіп жатырмын. Жақында «шетелге түсу жолдары» деген эфир өткізгенмін, 4500 адам қатысты.
– Өзіңіз айналысып жүрген бизнесті қалай ашқаныңызды әрбір қадам бойынша айтып берсеңіз.
- Бастапқыда қай елден тапсырыс беретінімді білмей, қарапайым барахолкадан аз ғана тауар сатып алдым;
- Базар жанындағы сауда үйіне кіріп, иесінен бір бутиктің сөресін жалға беруін сұрадым;
- Келіскен соң, тауарды орындарына қойып шықтым;
- Жарты жылдай сол жерде тауар сатып, өз дүкенімді ашуға дайындық басталды;
- Дүкеннің инстаграм парақшасын дамыта бастадым;
- 250 мың теңгеге тауар сатып алдым;
- Одан кейін ескі қойманы тауып, б/у сөрелерді сатып алып, оларды боядық;
- Инстаграмға ашылып жатқанымызды жариялап, сол күні алғашқы сауданы жасадық.
– Бір бизнесті ашып, жүргізіп кетуге қанша қаржы керек? Сіздің практикаңызда қалай болды?
– Көп кетті деп айта алмаймын, себебі қолымда барды пайдаландым. Ескі, қолданылған жиһаз, 250 мың тенгелік тауар ғана болды.
– Бизнеске келемін деген ойы бар адам неден бастауы керек?
– Мен үшін бизнес ақша табу алаңы емес. Бұл арқылы тек ақша табамын деу үлкен жетістікке әкелмейді. Бизнес ашқыңыз келсе, ең алдымен, өзіңізге «бұл елдің қандай мәселесін шешеді, қандай пайда тигізеді?» деген сұрақ қойыңыз. Осы сұраққа мардымды жауап тапқан адамның саудасы жақсы жүреді дегенге сенемін. Бизнестің маған бергені көп, расында да ерте есейдім. Өзім үшін ғана емес, жанымдағы жұмысшылар үшін жауапкершілік алуды үйрендім. Басымнан өткен қиындық мені одан да мықты ете түсті. Дәл қазір қолыңызда бар ақшамен және біліммен бастап кетіңіз, ары қарай барлығы өз ретімен келеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ