Мәзір
7 ақпан, 2023 / taulik / Жаңалықтар

«Орыс тілі жылы»: мәжбүрлік пе, әлде саяси қадам ба?

«Орыс тілі жылы»: мәжбүрлік пе, әлде саяси қадам ба?

«Орыс тілі жылы»: мәжбүрлік пе, әлде саяси қадам ба? «Орыс тілі жылы»: мәжбүрлік пе, әлде саяси қадам ба?
ашық дереккөзі
Сандуғаш Фазыл. KAZGUU Newsroom Өткен жылдың маусым айында Президент Тоқаев Ресейдің мемлекеттік арналарының біріне берген сұқбатында “орыс тілінің Қазақстанда қолданысы төмендемегенін, орыс тіліндегі мектептер саны да азаймағанын” атап өтті. Ал жыл соңында ТМД елдерінде 2023 жыл ұлтаралық қатынас тілі ретінде “орыс тілі жылы” болып жарияланғаны белгілі болды. Ресей президенті бұл ұсынысты Қазақстан президенті ұсынғанын айтты. Newsroom тілшісі биылғы “орыс тілі жылына” қатысты белсенділер мен саясаттанушы пікірін тыңдап, ұйымдастырылатын шараларға қатысты ақпарат жинауға тырысып көрді. Қазақстанда орыс тілінің қолданысына билік тарапынан аса мән берілуіне қатысты қазақ қоғамында түрлі пікірлер айтылуда. Әралуан пікірлердің арасында қолдаушылар да, даттаушылар да табылды. Бірі қазақ тілінің статусын көтермей, орыс тіліне басымдық танытудың қажеті жоқтығын айтса, енді бірі бұл жүрістің көршімен жақсы қарым-қатынас кепілі екенін алға тартады. Саясаттанушы Мақсат Жақау ел президентінің ұсынысы “тек біздің елімізге қатысты емесін, тұтас ТМД қатарындағы мемлекеттердің тілдік қолданысын нығайтатынын” айтады.
“Біріншіден, достастыққа кіретін барлық елде орыс тілінің қолданыс аясы кең. Екіншіден, келер жылдары бәлкім өзбек тілі болар, бәлкім қазақ тілі болар, бәлкім тәжік немесе парсы тілі болар. Ары қарай да достастыққа кіретін мемлекеттердің тілдерін қолданыс мүмкіндігін кеңейтуде ұсыныс жасалып жатса, бұл орыс тілінің арқасында басқа да ТМД-ға кіретін мемлекеттердің де тілдік қатынастарын күшейтуде мүмкіндік алады деген сөз”, — деді саясаттанушы.
Сондай-ақ, ол орыс тіліне байланысты пікірін “бұл саяси астары бар заң” деп толықтырды.
“Себебі тілдік фактордың арқасында 2014 жылы Ресей мен Украинаның арасындағы қақтығысқа әкеліп соқты. Әсіресе сепараистік Донбас пен Донецк, Луганскідегі, Крымдағы жағдайға себепші. Тілдік фактордың арқасында мәдени ойсырау пайда болды, түбінде үлкен қарулы қақтығыстарға итермелеп отыр”, — деді Жақау Newsroom тілшісіне.
Журналист әрі тіл белсендісі Күлтегін Аспанұлы Ақорданың орыс тілі жылы ұсынысын қисынсыз деп, “әуелі мемлекеттің негізі саналатын қазақ тіліне аса назар аударуы, латын әліпбиіне көшуді баяулатпауы керек еді”, — дейді.
“Қазақ тілі қазір күн тәртібінде “модаға” айналды. Десе де, елдің ішінде осы шындықты қабылдай алмайтын шовинистік пиғылдағы әлдебір топтар көп. Оны Ақжол партиясының экс-депутатынан бастап, Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласының жалғыз қазақ мектебінен көре аламыз”, — дейді ол.
Аспанұлы биліктің бұл әрекеті “Ресейден, Крымнан қорқып отырғандай әсер қалдырады” деп есептейді. Нұргелді Әбдіғани есімді өзге бір белсенді “орыс тіліне арнайы жыл арнау” қажеттілігі жоқтығын, бірақ Тоқаевтың “ұсынысы мәжбүрліктен” болғанын айтады.
“Жалпы геосаяси жағдайларды ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты мәжбүрлікпен қабылдады деп айтқан дұрыс болар”, — деді ол Newsroom тілшісіне берген пікірінде.
Newsroom орыс тілі жылына орай елде ұйымдастырылуы мүмкін мәдени шаралар жайлы мәлімет жинауға тырысты. Дегенмен, үкімет тармақтары еш анық дерек жоқтығын айтып, бір-біріне сілтеумен шектелді. Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәселемен шұғылданбай жатқанын айтып, сұрақты Ақпарат және қоғамдық даму және Ғылым және жоғары білім министрліктеріне жолдауды сұрады. Ақпарат министрлігіне қарайтын Теле-радиоарналарда ақпараттық жұмыс басқарма басшысы Айбек Теміров сұрақты өз кезегінде Сыртқы істер министрлігіне бағыттады. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі өзге мекемеге сілтемесе де, Саясат Нұрбек басқаратын министрлікке “орыс тілі жылына” орай шаралар ұйымдастыруға қатысы жоқтығын жеткізді. Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына Newsroom тілшісі телефон соғып, байланыса алмады. Тіл жанашырлары мен белсенділері қазақ тілі лайықты құрметке ие бола алмай келе жатқанын алға тартады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл саналса да, орыс тілі Қазақстанда бұрыннан даусыз артықшылыққа ие болып келеді. Әйтсе де, соңғы жылдары қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, желіде қазақша контент көлемі де арта түскен.

Апта талқысында: