Қазақстандық жолаушылар пойыздың жиі кешігуіне наразы

Қазақстандық жолаушылар пойыздың жиі кешігуіне наразы

ашық дереккөзі

Әмина Қозбакова. KAZGUU Newsroom Қазақстанда жолаушылар пойызы бекітілген уақытынан жиі кешігіп келеді. Бұл транзитпен жүретін жолаушыларға бірқатар қиындықтар тудырады. Кешігу себебінен кейбір жолаушылар кейін мінетін ұшағына не пойызына үлгермей жатады. Қазақстан темір жолы кешігу себебін ауа-райының құбылмалы болуымен байланыстырады. Алматыдағы ҚазҰУ-да білім алатын, қостанайлық Нұржикен Диляра пойыздың уақтылы келмеуі кесірінен кейде оқуына кешігетінін айтады.

“Cтудент болған соң мүмкіндік шығып қалса туған қалама – Қостанайға баруға тырысамын. Алайда, вокзалда пойыз келгенін ұзақ күтіп тұрған кездер болды. Осындай жағдай болса, оқудың бір күнін өткізіп алуға тура келеді”, – дейді Алматыдағы университеттің екінші курс студенті.
“Астана-1” теміржол вокзалында Жезқазғанға жүргелі тұрған жолаушы Мұрат Жексенұлы пойызды кейде көп күтіп, жұмысына кешігетінін айтты.
“Туыстарымның көбі Жезқазғанда тұрады. Ол жерге отбасыммен пойызбен жиі барып тұрамын. Бұрын қайтар уақытыма жұмыс уықытын жоспарлап қоятын едім. Қазір ештеңеге алдын ала уақыт қою мүмкін емес. Тіпті пойыз келу кестесі де қажет болмай қалды”, – деді ол Newsroom тілшісіне.
Ал Валентина Лисовенко есімді өзге бір жолаушы пойыздардың кешігуі емес, вокзал қызметкерлерінің оған қатысты іс әрекеті де жиі түсініспеушілік тудыратынын жеткізді.
“Бурабайдан Қарағандыға анаммен бірге бару керек еді. Алайда вокзал қызметкерлері пойыздың алдымен бір сағатқа, кейін үш сағатқа кешігетінін хабарлады. Соңында алты сағат пойыз күткеннен кейін, рейс тоқтатылғанын жариялады. Халық наразы болғанымен, ҚТЖ кешірім сұрамай, тіпті пойыз келмеуінің себептерін дұрыстап түсіндіре алған жоқ”, – дейді Лисовенко.
Қоғам тарапынан бұл мәселеге қатысты түрлі шағымдар айтыла берген соң, жолаушылар тасымалына жауапты квази-мемлекеттік мекеме жетекшілері де жақында журналистерге брифинг жасаған. Нақтылап өтсек, өткен жылдың соңында “Жолаушылар тасымалы” АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов пойыздардың кешігу себептерін атап өтті. «Бүгінде пойыздар кешігуінің негізгі себептері, біріншіден, ауа райы жағдайлары. Екіншіден, (пойыздардың) рельстерден шығып кетуі де болып қалады. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақты уақытша жабуға тура келеді. Сондай-ақ теміржол қауіпсіздігі деңгейін қалпында сақтап тұру үшін жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірді Тайжанов. Қарағанды техникалық университеті Логистикалық жүйелері кафедрасының аға оқытушысы Әсел Мәуленованың айтуынша, транзиттік жүк ағымдарының көлемін ұлғайту үшін теміржол көлік дәліздерін дамыту қажет.
“Ол үшін транзиттік нақты белгіленген кестеге айқын және тұрақты жағдайлар жасап, темір жол көлігінің жүктерді уақытылы шоғырландыруы және таратуы үшін экспорттық бағыттағы көлік логистикалық орталықтармен бірлесе отырып өзара іс-қимыл қарқындылығы мен сапасын арттыру керек”, – дейді Мәуленова.
2022 жылдың қаңтар айынан бастап ҚТЖ жолаушылары бірыңғай анықтамалық қызметі арқылы ақпарат алып, өз шағымдары мен өтініштерін жібере алады.

Loading...