Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімшесі cарбаздарының қызуы көтеріліп, жаппай ауруханаға жеткізіліп жатыр. Науқас жауынгерлердің саны 44-ке жеткен.
Олардың бесеуінен менингококк бактериясы табылған. Біреуінің жағдайы тым ауыр дейді дәрігерлер. Қазір әскери бөлімшенің сарбаздары қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға шықпайтын болған. Себебі бөлімшедегі басқа жауынгерлер де толық тексеруден өтуде.
«Өзім таңертеңнен бір тұрдым. Сол кезде тоңып, басым ауыра бастады. Медпунктқа бардым. Бер жаққа алып кетті. Бірге түстік, сол түні тап екеуіміз бір уақытта ауырдық», - дейді сарбаз Аян Тілеухан.
Денсаулығы сыр берген сарбаздарды әскери бөлімшедегі дәрігер қараған. Бірақ жазылудың орнына ауруы әбден асқынған соң, оларды қаладағы ауруханаға жеткізген. Науқастарды қабылдаған дәрігерлер олардың бірі өлуге шақ қалғанын айтады.
«Бізге ауруханаға әкелгенде 40 градус температура, безгегі ұстап, қалтырап тұрды. Алты адам бірақ түсті, одан соң тағы бірнешеуі. Бір сарбаздың жағдайы мүлдем мүшкіл болды. Денесі құрысып, тартылып, тіпті жүрегі тоқтап барып, әйтеуір дәрігерлер жанын сақтап қалды. Әлі де жансақтау бөлімшесінде жатыр. Нақты толық есін жиды деп айта алмаймын», - дейді Көкшетау көпсалалы ауруханасының директоры Сәкен Қалымжанов.
Қазір әскери бөлімшеге жан-жақтан мамандар жиналып, жағдайды зерттеп жатыр. Себебі сарбаздардың жаппай мұрттай ұшуына не себеп екені белгісіз. Қазірдің өзінде жұқпалы аурулар ауруханасында 44 сарбаз емделіп жатыр.
Басқарманың сөзінше, бөлімшеде бір дәрігер ғана болғандықтан сарбаздарды жанжақты тексеретін мүмкіндік жоқ.
Қазір әскери бөлімшеге белгілі бір шектеулер енгізілген. Ондағы осы науқастармен байланыста болған 278 адам толық тексерістен өтіпті. Бірақ олардың сараптама қорытындысы әлі дайын емес. Сондықтан жұқпалы дерт жұқтырғандар саны бұдан да артуы мүмкін.