Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
29 тамыз, 2023 / taulik / Жаңалықтар

Семей ядролық полигонының жабылғанына 32 жыл

Бүгін Семей ядролық полигонының жабылғанына 32 жыл толды

Семей ядролық полигонының жабылғанына 32 жыл
ашық дереккөзі

1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Совет одағы 40 жыл ішінде полигонда ядролық қарудың кем дегенде 468 сынағын өткізген. Полигонға жақын маңдағы елдімекен тұрғындары әлі күнге дейін радиацияның әсерінен туған аурулардан зардап шегіп, сәулеленудің салдары тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын айтады. Жергілікті халық өзін "сынақ материалы" деп атайды. 

Семей ядролық сынақ полигоны – 18,5 мың шаршы шақырымды құрайтын үлкен аумақ. Оған төрт миллион халқы бар Кувейт те сыйып кетеді. Қазақстанның қазіргі картасына қарасақ, полигон Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының бір бөлігін алып жатыр.

Ең алғаш рет 1949 жылы 29 тамызда таңғы жетіде болған алғашқы сынақ жүргізілді. Қарапайым халық дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған.

Халыққа сынақ туралы ескертілмеген де еді. Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана айтыла басталған. Кейінірек сынақ алдында уақытша көшірілген адамдар полигон жанындағы туған жерлеріне қайтып орала бастағанда, олардың көбісі үйінің орнын сипап қалды, не қақырап кеткен қабырғаларды көрді. Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғашқы шын да жүйелі деректер  Қазақ ССР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулердің нәтижесінде алынды.

Семейдегі атом полигонын жабу үшін алғаш 1989 жылы ақпанда Олжас Сүлейменовтің ұйымдастыруымен "Невада - Семей" митингісі өткізілді. Оған дейін үнсіз келген халық та қозғалыстың жұмысын қолдап, қарсы шыға бастады. Сөйтіп КСРО үкіметі сынақтар санын азайтып, кейін ядролық қаруды сынауға тыйым салу мораторийін жасау туралы шешім қабылдады.

42 жыл өткеннен кейін ғана 1991 жылдың 28 тамызында Семей полигонын жабу туралы Жарлық шықты. 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны толығымен жабылып, 1992 жылы мамырда Ұлттық ядролық орталық құрылды.