Ауылда жұмыс істегісі келетін дәрігерлерге 10 млн теңге берілуі мүмкін

Бүгінде елді мекендерге бір мыңнан аса дәрігер жетіспейді.

Ашық дереккөз

Қазір ауылға барып, жұмыс істегісі келетін дәрігерлерге бір рет 10 млн теңге берілуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды taulik.kz Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бүгінде елді мекендерге бір мыңнан аса дәрігер жетіспейді.

Біз мамандарды ауылдарға тартып, әлеуметтік қолдау көрсету үшін бір рет 10 млн теңге беру керек деген ұсынысты қолдап отырмыз. Бұл AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында жазылған. Енді өңірлерге «Сіздерге қанша дәрігер керек, қанша қаражат бөлу қажет?» деп ақылдасып, жұмыс істеп жатырмыз, - деді Ажар Ғиният ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда министр бірреттік қолдаудың қалай көрсетілетінін де түсіндіріп өтті.

«Біз барлық маманға қолдау көрсетілуі керек деп отырмыз. Алайда AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында тек оқуын енді бітірген жас мамандарға қолдау көрсету керек деп жазылған», - деді ол.

Сондай-ақ ведомство басшысы бастаманың қашан іске асатынын айтты.

Қаржы министрлігі қолдаса, бұл бастама келесі жылдан бастап іске асады. Бүгінде 1 мыңнан аса дәрігер жетіспейді дедім. Ауылға шашамен 600 дәрігер баруы мүмкін. Мұндай деректі бізге облыстардағы денсаулық сақтау басқармалары берді, - деп түйіндеді сөзін Ажар Ғиният.

Loading...