Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Бақытжан Базарбекке ескерту жасады, деп хабарлайды Taulik.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін министрлердің бәрі Мәжіліске келген. Оларға депутаттар кезек-кезек сұрақ қойып жатыр. Сөз алған депутат Бақытжан Базарбек алдымен вице-премьер Тамара Дүйсеноваға сәлем жолдады. Оның айтуынша, екі жыл бұрын Дүйсенова президент кеңесшісі болып тұрған кезде видеоконференция арқылы Солтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауылының тұрғындарының оған шағымын жеткізген. Жерінен айырылып қалғанын айтқан. Сол кезде Дүйсенова «мәселе шешіледі» деп уәде берген көрінеді.
«Сол мәселе шешілген жоқ. Сізге Бостандық ауылындағылардан жалынды сәлем жолдаймын», - деді Базарбек.
Осыдан кейін Бақытжан Базарбек Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабекке шүйлікті. Жайылым жерді қайтармай жатқан әкімдердің атын атауды талап етті. Алайда Тамабек жалпы жұмыс жайлы айтып, еш әкімнің атын атамаған. Осыған ашуланған мәжілісмен «жұмыс істемей алмасаңыздар, министрмен бірге сіздерді қуып шығамыз» деді. Осыған келгенде сөзге Ерлан Қошанов араласты.
«Қатты кетпеңіз, агрессиясыз сөйлеңіз. 10 млн га жер қайтарылды. Оның бәрі Жер аманаты комиссиясының арқасы. Оның құрамына құзырлы органдар, депутаттар, қоғам өкілдері кіреді. Басшысының бірі өзіңіз. Мен де сізге жалынды сәлем айтқым келеді. Қалай әділ бөлініп жатыр, комиссияның құзыреті бар. Бақытжан мырза, бұл бірінші рет емес. Төраға ретінде сізге ескерту жасаймын», - деді ол.