Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласына келді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Үрімжі қаласына келіп, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.
Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген бағыт бойынша Қазақстанның Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынасы нәтижелерін жоғары бағалады.
«Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Қазақстан сіздерге жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын экспорттай аламыз. Ал агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады деп санаймыз»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.