Газа секторында қалып қойған қазақстандықтардың туыстары Тоқаевтан жақындарын құтқаруын сұрады. Бұл туралы Stan.kz мәлімдеді.
"Жағдай өте қиын. Қауіпті аймақтан жақын адамдарымызды дереу эвакуациялау қажет деп есептейміз. Біздің туыстарымыз белсенді соғыс қимылдары жүріп жатқан жерде. Олардың өміріне үлкен қатер төніп тұр. Ал сыртқы істер министрлігінің күш-жігері жеткіліксіз. Сондықтан президенттен шекараларды ашуға және азаматтарымыздың елге өтуіне көмектесуін сұраймыз", – деді Марьяна Эль Марси.
Газа секторында Марьяна Эль Марси есімді әйелдің төрт баласы қалған.
"Олар солтүстікте ең қауіпті аймақта. 16 қазанда оларға эвакуация болуы мүмкін екенін және тез арада оңтүстікке көшу керектігін айтты. Олар бір жерлерден жаяу, бір жерден көлікпен жүріп өтті. Өйткені Газа секторында бензин жоқ. Онда ештеңе жоқ, бәрі қирап біткен, көлік те өте алмайды, жарылыс болған жерге жедел жәрдем де жете алмайды. Олар сонда бейтаныс адамдармен қалды. 2-3 күнде бір рет телефондарын қуаттау үшін шамды бір сағатқа қосқанда хабарласады. Кеше балаларым хабарласып: "Анашым, бізді алып кетіңізші" деп айтты", – деді Мариана Эль Марси.
Қазақстандық Аксинья Маковецкая да достарын қауіпті аймақтан алып келуді өтінді.
"Біздің азаматтарымыз онда 7 қазанға бірнеше күн қалғанда барды. Мысыр арқылы аумақты тастап кетуге бір күн уақыт берілді, бірақ біздікілер бұл ақпаратты уақытында алмады және физикалық тұрғыдан Мысырмен шекараға жетіп үлгермеді. Бұл жерде, Сыртқы істер министрлігі қызметкерлеріне қойылатын сұрақ өте көп. Барлық жерде біздің азаматтарды Израильден эвакуациялауға арналған сенім телефондары болды, бірақ Газа секторынан кетуге көмекке мұқтаж адамдарға не істеу керектігі туралы ешқандай ақпарат берілмеді. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің өтінішімізге кері байланыс береді деп үміттенеміз", – деді Газа секторында қоршауда қалған қазақстандықтар отбасының досы Аксинья Маковецкая.