Қазіргі таңда балаларға ЗПР, аутизм, ДЦП диагноздары өте жиі қойылады. Сөйлемейтін, жаза алмайтын балалар да көп. Журналист Айгерім Сейфолланың “Мен” атты бағдарламасында логопед-дефектолог Гүлсара Ниязқызы осы тақырып аясында ата-аналарға қажет инсайттармен бөліседі.
Гүлсара Ниязқызы Ақтөбе, Алматы қаласындағы “Сөйлеу орталығы” түзете-дамыту орталығының басшысы, Қазақстан бойынша “Жыл логопеді - 2021” премиясының иегері, “Батыр шапағаты”, “Ел жанашыры” төсбелгісінің иегері.
Қазақстанның “Алтын кітабына” енген тұңғыш “Жас логопед” маман.
Гүлсара Ниязқызы сұхбат барысында баланың сөйлеуінен бөлек, тым гиперактивтілігінің де ақау екенін айтты.
“Ең энерниясы жоқ балалар осы гиперактивті балалар. Мысалы, ересек адам үш күн бойы ұйықтамаса, ол меңзең боп не тамақ іше алмайды, не ақпаратты дұрыс қабылдай алмаймыз, немесе бір жұмысты соңына дейін дұрыс жеткізе алмаймыз. Қысқаша айтқанда, миымыз тұманда жүреді. Ал гиперактивті балалар осы сезіммен әрқашан жүреді.
Жақында бізге бір өте белсенді оқушы келді. Бірден ортодонт дәрігерге жібердік. Балада оденоид 4 деңгейде. Ата-анасы мұрнымен сөйлейді деп аса қатты мән бермей жүре берген.
Оденоидтан бөлек оқушымызда “тістену” болған. Жақ сүйегінің тамыры қысылған. Егер ағзада қандайда бір тамыр қысылу орын алатын болса, гиперқозғыштық пайда болады. Жыбырлақ бала мен гипербелсенді баланы айыруға болады”,- деп айтты Гүлсара Ниязқызы.