Sabaq Online білім беру платформасы қазіргі заманғы оқушылар мен студенттердің білім алу процесін жеңілдету және тиімді ету мақсатында құрылған.
Бұл жоба аясында біз Sabaq Online платформасын пайдаланып, оқуды бітірген түлектермен сұхбаттасамыз. Түлектер өздерінің оқу барысында кездескен қиындықтары мен жетістіктері туралы әңгімелеп береді. Олардың тәжірибелері қазіргі оқушыларға үлгі болып, білім алу жолындағы кедергілерді жеңуге көмектеседі деп сенеміз.
Жоба мақсаты – білім беру процесінде онлайн платформалардың тиімділігін көрсету, оқушылардың күнделікті оқуын қалай жоспарлап, басқаруға болатынын үйрету және білімнің маңыздылығын насихаттау. Түлектердің әңгімелері арқылы біз Sabaq Online платформасының артықшылықтарын айқындап, білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ашып көрсетеміз. Бұл жолғы кейіпкеріміз жетісайлық Гүлдана есімді түлек.
- Өзіңіз туралы айтсаңыз?
- Менің есімім Гүлдана. Жетісай қаласында туып өстім, осында білім алдым. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Бастауышта оқыту әдістемесі мамандығында 2-курс студентімін.
- Онлайн және оффлайн білім туралы, тәжірибеңіз туралы айтып беріңізші.
- Мен үшін оффлайн мен онлайн білімнің айырмашылығы жоқ. Себебі, мен ҰБТ-ға тек онлайн курспен дайындалдым, оффлайн курстарға мүлдем бармадым. Бұл арқылы уақытымды көп үнемдедім деп айта аламын. Ауылда тұрғандықтан, қалаға қатынап курсқа бару маған ыңғайсыз болды. Сондықтан оқимын деген адам үшін онлайн курс та өте тиімді деп ойлаймын.
- Sabaq Online платформасымен қалай таныстыңыз?
- Мен ҰБТ-ға Sabaq Online платформасы арқылы дайындалдым. 2021 жылдың шілдесінен 2022 жылдың маусымына дейін толық 1 жыл дайындалдым. Басқа курстарға бармадым. Курстағы ең қызықты кездер – Мағжан ағай куратор болып келген кезден басталды. Сол кезден бастап курс қайта жанданған секілді болды.
Ұстаздарға келсек, биология-география таңдағандықтан, Самирханов Дамир ағайдың берген білімі өте керемет деп айтар едім. Тарих пен математикалық сауаттылықтан берген Алибек, Ерік, Алишер ағайлардан да көп нәрсе үйрендім.
- ҰБТ дайындалған кездегі қызық әрі қиын кезеңдеріңізді атап өтсеңіз.
- ҰБТ-ға дайындық кезінде зейінім тұрақсыз болды. Бұл маған қиындық туғызды. Неліктен? Себебі, курс қарау үшін отырғанда қызығушылығым тез басылып, ары қарай қарағым келмейтін еді. Бұл телефонның салдарынан деп ойлаймын. Зейінді тұрақтандыру үшін телефонның орнына кітап оқуға кеңес беремін.
- Мамандықты қалай таңдадыңыз?
- Менің мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Бұл мамандықты таңдағанға дейін көп ойландым. Бір кездері дәрігер болам дедім, одан ағылшын тілін таңдаймын дедім. Ең соңында маған кішкентай балалармен, әсіресе бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс жасағым келетінін түсіндім. Мамандығымды 11-сыныпқа көшпей тұрып, шілде айында нақты таңдадым. Содан соң ғана ҰБТ-ға дайындыққа нақты қадам бастым.
Менің жанымда да түлектер көп болды. «Физика-математика, биология-химия таңдап, баллым қайда жетеді, сол мамандыққа түсемін» деген оқушылар бар. Бұл өте қате түсінік. Адам өз ұнататын ісін тауып, оған фокус қойғанда ғана жетістікке жете алады. Жоғарыда айтқандай «баллым қайда жетеді, соған түсемін» деген оқушылар жақсы балл ала алмады. Олар 60-70 аралығында балл алып, өздері өмірінде естімеген мамандықтарға түсті. Олар бұл жағдайдың салдарын түсініп тұрған жоқ.
- Соңғы сұраққа керемет жауап бердіңіз. Ендеше өз кеңесіңізді өзіңізден кейінгі оқушыларға да айтып кетсеңіз.
- Болашақ түлектерге айтарым, ең алдымен мамандықтарыңды таңдап алыңдар. Сонда ғана бейіндік пәндеріңе мән қойып, межелеген баллдарыңды ала аласыңдар. ҰБТ тапсыруда мектептегі білімнің пайдасы өте жоғары. ҰБТ тапсырғанда, сендерге сұрақ аспаннан келмейді, барлығы мектеп бағдарламасынан. Мысалы, көбіміз мән бермейтін 5-сыныптағы математика сабағында өткен есептер сауаттылықта келіп жатыр. Сондықтан мектепте алған бастапқы біліміңнің дұрыс қалануы өте маңызды.
- Рақмет!