Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search

Орталық Азиядағы стартаптар: қолданушылар мен инвесторлар не күтеді?

Соңғы жылдары Орталық Азияда көптеген стартаптар пайда болып жатыр, бірақ олардың барлығы инвесторлар қолдауына ие болып, сәттілікке жете бермейді. MOST Business Intelligence ұйымдастырған жақында өткен IRA акселерациялық бағдарламасын мысалға алып, қазіргі трендтерді қарастырып, қолданушылар мен инвесторларға не қажет екенін түсінуге тырыстық.

Орталық Азиядағы стартаптар: қолданушылар мен инвесторлар не күтеді?
Фото: teamly.ru

Investment Readiness Accelerator (IRA) акселерациялық бағдарламасы инвестиция тартуға бағытталған және стартаптарды белгілі бір сала бойынша шектемейді. Сондықтан оқу барысында тақырыптардың ауқымы өте кең. Айқын нәрсе – стартаптардың барлығы қолданушылардың "ауруын" табуға және қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырысуда. Алайда олардың бәрі нарықта сәттілікке жете ала ма, әзірге белгісіз.

Mama Space – болашақ аналарға арналған стартап

Mama Space стартапы болашақ аналарға арналған. Белгілі болғандай, бұл кезеңде әйелдер гормондық өзгерістерге ұшырап, эмоционалдық қолдауды қажет етеді. Сондықтан стартап негізін қалаушылар Гүлназа Халманбетова мен Мұрат Жұмашев қолданушыларды ақпараттық әрі психологиялық қолдау үшін қосымша жасаған. Бұл жоба Қырғызстаннан шыққан, бірақ қазір шетелдік нарықтарға да шығуда. Mama Space әлі инвестиция тартпағанымен, Гүлназа Tim Draper Hero Training бағдарламасынан өтіп, IRA акселерациясы кезінде ай сайынғы табыс (MRR) көрсеткішін 1300 долларға жеткізген. Бағдарламаның арқасында жаңа даму стратегиясы мен бизнес-модель жасалды. Стартап Сауд Арабиясына масштабталуды жоспарлап, сол жақтағы серіктестермен байланыс орната бастады.

Tez-Tez Delivery – мейрамханаларға арналған жеткізу қызметін автоматтандыру

Tez-Tez Delivery өз курьерлері мен кол-орталықсыз жұмыс істейтін жеткізу қызметі. Стартаптың негізін қалаушы Әмірбек Әбиев акселерациялық бағдарлама барысында 2,5 миллион теңге табыс тапты. Бұл 4 келісімшарт жасалып, жарнама мен операциялық жұмыстардың басталуымен жүзеге асқан. Әмірбектің айтуынша, бағдарлама барысында LTV, LTV/CAC, бірлік экономикасы есептеліп, қаржылық модель дайындалып, TRL деңгейі артты. Негізгі нәтижесі ретінде бизнес процестердің құрылымдалуын атап өтті.

Time Tracker – жұмыс уақытын есепке алу сервисі

Time Tracker – қызметкерлердің жұмыс уақытын бақылауға арналған сервис. Стартап әзірге инвестиция тартпағанымен, ай сайын 4 миллион теңге айналымға қол жеткізіп, жаңа маркетингтік арналарды сынақтан өткізді және сату бөлімін үш менеджерге дейін кеңейтті. Негізін қалаушы Досан Жакеновтің айтуынша, өнімді енгізу мерзімі екі аптадан бір аптаға дейін қысқарған, ай сайынғы лида саны 100-ден 200-ге артқан, ал сатылым конверсиясы жоғарылаған. Ендігі мақсат – Өзбекстан мен Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығу.

Abay Academy – мектеп оқушыларына арналған қосымша білім беру

Abay Academy стартапының негізін қалаушы Әділхан Рахымбеков инвестиция тартпағанымен, бірнеше қорлар мен инвесторлармен келіссөздер жүргізуде. Акселерация барысында стартап 120 000 доллар табыс тауып, дәстүрлі бизнес-моделін тастап, жаңа масштабтау стратегиясына көшті. Стартап Google for Startups бағдарламасына өтіп, MENA және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарын игеруді жоспарлап отыр.

Dimart – сату есебін жүргізуге арналған сервис

Dimart – сатылым, пайда, шығындар және қоймадағы тауарлар есебін жүргізуге арналған платформа. Инвестиция тартпаса да, акселерация барысында MAU 90%-ға өсті, Sticky фактор 44%-ға жетті, ал iOS нұсқасы іске қосылды. Қазір Dimart-тың 12 000-нан астам бірегей тіркелімі бар.

Prometei – дропшиппинг жүйесін автоматтандыру

Prometei B2B платформасы жеткізушілер мен ритейлерлерді байланыстырады. Бағдарлама кезінде 85 700 доллар табыс тапты. Ендігі мақсат – Қытай нарығына шығу арқылы клиенттерге Америка мен Канада нарықтарын ашу.

MedKomek AI – медициналық қолдау жүйесі

MedKomek AI – жасанды интеллект қолдану арқылы пациенттерді диагностикалауға арналған медициналық жүйе. Алғашқы сатылымдар қыркүйекте жоспарланған. Жоба әзірге монетизацияланбаған.

Hemo-AI – денсаулық кеңесшісі

Hemo-AI инвестиция тартпағанымен, медициналық сарапшылармен ынтымақтастық орнатты. Стартапқа шетелдік акселераторларға қатысу ұсынылды.

Мақала авторы: Зере Дастан