Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
14 қаңтар, 2025 / taulik / Сараптама

Биыл елімізде тұрғын үй бағасы тағы да шарықтай ма?

Қазақстанның тұрғын үй нарығы 2025 жылы елеулі өзгерістерге ұшырауы мүмкін.

Биыл елімізде тұрғын үй бағасы тағы да шарықтай ма?
Фото: shutterstock.com

Экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, инфляция және басқа да факторлар нарықтың дамуына айтарлықтай кері әсер етеді. Осы тақырып төңірегінде Krisha.kz сайты жүргізген аналитика мен сарапшылар болжамына тоқталып өтейік.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті:
– Қазақстандағы бастапқы тұрғын үй нарығы 2025 жыл қарсаңында қиын жағдайда тұр. Оған негізгі себеп бағаның өсуі екен. Құрылыс материалдары қымбаттап, жұмысшылардың жалақысы жоғарылап тепе-теңдіктің бұзылғаны байқалады. Бұл ретте Мемлекеттік бағдарламалар халыққа көмегін тигізеді, бірақ шарты бәріне бірдей келе бермейтіні өкінішті. Сондықтан мұндай бағдараламаларға жүгінбес бұрын саралап, зерттеп көрген абзал.

Ал енді доллар мен теңге бағамының тұрақсыздығына байланысты 2025 жылға арналған болжамдар келесідей болмақ. Инфляция бағаның өсуінің негізгі факторы болып қала береді. Орташа жылдық инфляция 8-10% деңгейінде материалдар мен қызметтердің құны пропорционалды түрде артады. "7-20-25", "Наурыз", "Умай", "Жасыл ипотека" жеңілдікті ипотекаларын жалғастыру негізінде тұрғын үйге деген сұранысты қалыпты деңгейде ұстап тұру арқылы бағаның өсуіне ықпал етеді.

Оған қоса, әлемдік нарықтағы құрылыс, шикізат және энергия құнының өсуі аталмыш мәселенің негізгі факторы болып саналмақ. Себебі, елдегі құрылыс материалдарының 60%-ы импорттық тасымалдау арқылы жеткізіледі.Тағы да бір өзгермес жайт бар. Әрине, ол ірі қалаларда (Астана, Алматы, Шымкент) халықтың көші-қонына байланысты тұрғын үй тапшылығы болып, баға шарықтайды

Ал бастапқы нарық қалай өзгереді? Біріншіден, шағын пәтерлері 25-45 шаршы метр болатын экономикалық және жайлылық класындағы тұрғын үй кешендерінің саны артады. Екіншіден, сатып алушылардың  шығындарын азайту үшін жөндеуі толық аяқталған пәтерлердің үлесі артады. Үшіншіден, жобалардың географиясы кеңейеді: құрылыс компаниялары қала маңын, соның ішінде төмен бағадағы учаскелік жаңа аудандарды белсенді түрде игере бастайды. Бұл тұрғын үйдің қолжетімділігіне әсер етеді. Төртіншіден, онлайн сату мүмкіндіктері артады: цифрлық платформалар мен Виртуалды турлар белсенді түрде қолданыла бастайды. Бесіншіден, "қала ішіндегі қалашық", экологиялық таза орта, мультифункционалды кешендер сынды жаңа жобалар пайда болады. Мұның бәрі қуантарлық жайт. 

Қазақстанның екі ірі қаласы – Астана мен Алматы – тұрғын үй нарығының динамикасы жағынан айтарлықтай ерекшеленеді. 2023 жылдың ортасынан бастап Астанада екіншілік нарықтағы бағалардың тұрақты өсуі байқалады (жыл сайын шамамен 10%). Бұл экономикалық белсенді халықтың (жұмысшылар мен студенттер) жоғары миграциясымен және жалға беру нарығындағы ставкалардың өсуімен байланысты. 2022 жылдан бері Астана халқы 15%-ға жуық өсті, бұл да баға өсуіне ықпал етті. Нәтижесінде Астанадағы мүлік Алматыға қарағанда тиімдірек инвестиция болып табылады.

Болашақта ірі қалаларда жаңа тұрғын үйдің салынуы азаяды. Құрылыс компаниялары «Отау» және «Наурыз» ипотекасына сұраныс жоғары өңірлерге баса назар аударады деп болжауда. Осылайша Алматы мен Астанада тек экономикалық сегменттік жобалар басым болады. 

Қазақстанның тұрғын үй нарығы тепе-теңдікке келу процесінде. Мемлекеттік қолдаудың мақсаттылығын арттыру және жеңілдетілген шарттармен көп мүлік сатып алуды болдырмау арқылы нарықтың қызып кетуіне жол бермеуге болады. Алматыда тұрғын үй бағасының күрт өсуі күтілмейді, ал Астанада сұраныстың жоғары болуы бағаның тұрақты өсуін қамтамассыз етеді.

Жалпы, Қазақстандағы тұрғын үй нарығындағы жағдай күрделі, әрі тұрақсыз. Республика бойынша баға динамикасы халықтың табысының өсуіне байланысты болады деп болжауға болады. Осылайша нарықтың одан әрі дамуы мемлекеттік саясат пен экономикалық жағдайларға тікелей байланысты екенін түсінуге болады. 

Дастан Зере,

"Тұран" университеті

Журналистика факультетінің 4 курс студенті.