Мәзір
13 қазан, 2023 / taulik / Жаңалықтар

«5 минутта құтқара аласыз»: Бала қақалып қалғанда не істеу керек?

Баланың анасы қандай ережелерді білуі керек

«5 минутта құтқара аласыз»: Бала қақалып қалғанда не істеу керек? «5 минутта құтқара аласыз»: Бала қақалып қалғанда не істеу керек?

Баланың ең алаңғасар шағында барлық затты ұстап, дәмін татып, сындырып көруі заңдылық екені рас. Егер дәл солай балаңыз мұрнына түйме тығып немесе бөгде бір заттарды аузына салып, қақалып қалған жағдайда не істеу керек, бұл туралы Taulik.kz алғашқы көмекті қалай көрсету керек екенін жазды.

Баланың мұрнынан бөтен затты көрген анасы оны бірден алып тастауға тырысады. Алайда қолында тиісті құрал әрі тәжірибесі болмағандықтан, әдетте баланың мұрнындағы затты одан әрі қарай итеріп тастайды. Мұнан кейін оны тек отоларинголог дәрігер ала алады. Сондықтан балаңыздың мұрнында тұрған затты ала алатыныңызға сенімді болмасаңыз, отоларинголог дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Ол үшін күндіз өзіңіз тіркелген емханаға, ал кешкі уақытта аурухананың қабылдау бөліміндегі кезекші отоларингологке баруыңыз керек.

Бала мұрнына тас немесе кішкентай затты тығып жібергеннен кейін, ол бірден байқалмауы мүмкін. Алайда бірнеше күн өткеннен кейін демалысы қиындап, түнде қорылдап, мұрнының бір жағынан шырышты-ірің шыға бастап, одан шырыген заттың иісі шығатын болады. Әдетте анасы мұндай белгілерді суық тиюмен шатастырып, дәрігерге жүгінуге асықпайды. Тіпті педиатрдың өзі алғашқы тексеру кезінде баланың мұрнындағы бөгде затты байқамауы мүмкін. Тек мұрнынан ұзақ уақыт бойы шырышты-іріңнің шығуы, мұрыннан жағымсыз иіс шығуы оның мұрнында бөгде заттың бар екенін білуге мүмкіндік береді.

Әдетте баланың тамағына тұрып қалатын заттар тамақпен бірге тап болады. Олардың ішінде кең таралған заттар – балық пен тауық сүйектері, шемішке мен оның қабығы. Мұндай кезде баланың тамағында бөгде зат тұрғаны кезіліп, тамағы шаншып ауырады. Сондай-ақ, бала жұтынған сайын тамағындағы ауру үдей түседі, бала жөтеліп, құсқысы келеді. Жұтынғанда тамағы қатты ауырғандықтан, бала сілекейін жұтқысы келмейді. Сондықтан ол аузынан аға бастайды. Ал үлкенірек балалар оны түкіріп тастайды. Бұл белгілердің барлығы баланың тамағында бөгде зат тұрып қалғанын аңғартады.

Маман үшін баланың тамағындағы бөгде затты алып тастау қиын емес.

Ал мұндай жағдайда ата-аналар әдетте ел арасында кең таралған әдісті қолданып, балаға нанның қаттысын жегізеді.  Алайда бұл әдісбөгде затты одан сайын итеріп тастап, оны алу кезінде қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан бұл әдістен бас тартқан жөн!

Ал бөгде зат көмей, бронх немесе кеңірдекке түсіп кетсе, жағдай қиындай түседі. Әдетте балалар түрлі ұсақ заттарды аузына салады. Осы кезде ойнап, сөйлеп не күліп отырып оны ауа ағымымен бірге ішіне тартып қалады. Бөгде зат көмейге жақындағанда, дыбыс саңылаулары рефлекторлы түрде жабылып, бірден пайда болған жөтел мен лоқсу салдарынан бөгде зат сыртқа шығып кетеді.

Егер бөгде зат дыбыс саңылауына түсіп, оны бітеп қалса, баланың тынысы тоқтап, тұншығып, есінен танып қалады. Мұндай кезде баланың өмір  сіздің әрекеттеріңізге тікелей байланысты.

Бұл жағдайда баланың беті өзіңіз жаққа қарайтындай етіп басын төменге салбыратып ұстау керек. Баланы бір қолыңызбен аяғынан ұстап тұрып, екінші қолыңызбен арқасынан ұрғылаңыз. Бала қолыңыздан шығып кетіп, қатты жерге құлап қалмасы үшін, мұндай әрекетті диванның, креслоның, төсектің үстінде жасаңыз.

Орындыққа отырып, баланы сол жақ тізеңізге ішімен жатқызыңыз. Сол қолыңызбен оның мойны мен кеудесіен демеңіз. Аяғын қолтығыңызбен қысып ұстаңыз. Мұнан кейін оң қолыңызбен жауырындарының арасынан бірнеше рет ұрғылаңыз.

Осы қалыпта баланың тілінің түбін саусағыңызбен басыңыз, жұтқыншағының артқы қабырғасын қытықтап, лоқсығанын, құсқанын күтіңіз.

Ал сәл ересектеу баланы еденге етпетінен жатқызып, жауырындарының арасынан бірнеше рет ұрыңыз.

Мұндай жағдайда сіздің құзырыңызда алтыннан да қымбат 5 минут бар екенін ұмытпаңыз және тек өзіңізге сеніңіз. Аталған жағдай орын алған кезде жедел-жәрдем 5 минут ішінде жетіп үлгермейді.

Ал көмейде бөгде зат тұрған кезде «ауыздан ауызға» әдісі арқылы жасанды тыныстандыру тиімсіз саналады. Себебі құтқарушы үрлеген ауа ағымы көмейдегі бөгде зат үшін әрі қарай өте алмайды.

Ал мұндай шаралар көмектеспеген кезде қолдануға болатын соңғы әдіс бар. Өткір пышақпен мойынның ортаңғы сызығындағы жұмсақ тіндерін кесіңіз. Осылайша кеңірдекке жетіп, оны ашып, пайда болған тесікке үрлеңіз. Сондай-ақ, жедел жәрдем жеткенше, аталған әрекетті жасап тұрып, баланың жүрегін тікелей емес жолмен уқалаңыз. Мұндай әрекетке кез-келген адам бара алмауы мүмкін. Алайда кей жағдайларда адам өмірін осылай ғана құтқаруға болады.

Ал егер бөгде зат дыбыс саңылауынан өтіп кетсе, жағдай мұншалықты ауыр болмайды. Түйме немесе бұршақ кеңірдекте тұрып қалып, қабырғасына жабысып, біраз уақыт бойы білінбеуі мүмкін. Тек бала анда-санда жөтелетін болады. Мұнан әрі бқгде заттың айналасында «капсула» пайда болып, үлкейген сайын баланың тыныс алуын қиындатуы, тыныс жеткіліксіздігі, ұзаққа созылған қабыну процесі байқалуы ықтимал.

Ал бөгде зат баланың бронхысына түссе, бронх тармақтары жиырылып, салдарынан бала қатты әрі қиналып жөтелетін болады. Сондай-ақ, қақырық әрең түсіп, бала демалғанда «ысқырып» тұрғандай сырылдаған дыбыс шығады. Мұнан кейін баланың ағзасында қабыну процесі байқалады. Әдетте оны бронхит немесе пневмониямен шатастырады. Бұл жағдайда баланың немесе анасының оның әлдеқандай затпен ойнап отырып, кішкентай бөлшегін жұтып қойғаны есіне түссе жақсы. Мұндай кезде зерттеудің эндоскопиялық әдісі арқылы баланың бронхысындағы бөгде затты анықтап, алып тастауға болады.

 

Апта талқысында: