2 жастағы баланың түнгі ұйқысы неге бұзылады? Түнде неге жылайды?
2-3 жасқа келгенде балалардың психологиялық мінездері пайда бола бастайды. Сондықтан әр ата-ана баланы жіті қадағалап, не үшін жылағанын анықтауы қажет.
Taulik.kz сайты баланың түнде не үшін жылап оянатыны туралы бірнеше факт жинады.
СТРЕСС
Ең алдымен, балада стресс орын алуы мүмкін.
Кішкентай балаға қандай жағдайлар стресс алып келуі мүмкін?
- Мүмкін сіз сәбиіңізді балабақша апарып жүрген боларсыз? Бала жаңа ортаға үйрене алмай жүргендіктен түнде жылап оянуы мүмкін. Жаңа орта, жаңа адамдар, тіпті жаңа ойыншықтардың өзі де баланың миына үлкен жүк.
- Мүмкін сіз балаңызды тосып үйретіп жүрген боларсыз? Түнде бала жіберіп қойса, ылғал жерге жатып үйренбегендіктен жылап оянады. Себебі бұған дейін ол памперспен жүрді. Ылғалдықты қатты сезінбеді.
- Үйге бөтен адамдар келсе де бала тұйықталып үндемей қалады. Тіпті, адам үйден кеткенше жылайтын балалар болады. Оны қазақта жатырқау деп атайды.
ЕКПЕ
Егер балаңызда психологиялық тұрғыдан бұл жағдайлар орын алмаған болса, мүмкін екпе алған боларсыз?
Екпе алған жағдайда баланың организмі үйренгенше түнгі ұйқы бұзылуы мүмкін.
ТҮНГІ ТҮСТЕР
Егер бала түсінде қорқынышты түс көрсе де жылап оянады.
Күндіз мысықтан, иттен қорықса да түнде сол есіне түсіп жылайтын бөбектер де бар.
АНАСЫНЫҢ ЖАНЫНДА ЖОҚ БОЛУЫ
Балаға ең бірінші ана керек. Кішкентайынан қасынан екі елі үзілмеген анасын бір сәтте ұзақ уақытқа көрмей қалса да бала түнде іздеп жылауы мүмкін.
Егер ана жұмысқа шығып, балаға уақыт дұрыс бөлінбесе, кешкілік уақытта бала сізден күндіз ала алмаған жылулығын сұрауы мүмкін.
Кейбірі қолдан түспей еркелесе, кейбірі бірге ойнағанды қалайды.
БӨЛМЕДЕН БӨЛМЕГЕ
Егер бала өзінің күнделікті ұйықтап жүрген бөлмесінде ұйықтамаса да түнде тұрып жылауы мүмкін. Себебі, баланың миы қарсыласып, қорқыныш сезімін оятады.
Бала қалыпты өмірге үйреніп қалады. Бірден өзгеріске ұшыраса, оған үйрету де біраз уақытты алады.
ҰЙҚЫҒА ДАЙЫНДАУ
Шағалақтай кезінен баланы ұйқыға дайындыққа үйрету керек.
Егер сәби туылған сәтінен бастап дайындыққа үйренсе, өсе келе ұйқымен аса қатты мәселелер болмайды.
Мысалы, ұйықтар кезде беті-қолын жуып, күтімін жасап, жөргегін ауыстырып, жатарда киетін киімін кигізіп, бөлменің шамын өшіріп, балаға еміреніп, еркелетіп ертегі айтсақ, бала ұйықтау керек екенін түсінеді.
Бала - құдайдан келген аманат. Баланың әр қадамы ата-ана үшін маңызды болуы керек. Дұрыс ұйқы - денсаулық кепілі.