Атырау облысының прокуратурасы Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаев қандай күдікпен ұсталғанын айтты.
Әлеуметтік желілерде Қайрат Оразбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған-ды. Атырау облысының прокуратурасы қаладағы жер телімдерін заңсыз бөлуге қатысты Атырау әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Қадағалау органы Атыраудың бұрынғы әкімі осы іс аясында 2023 жылғы 9 қараша күні ұсталғанын растады.
"2020-2022 жылдар кезеңінде әкімдіктің лауазымды тұлғалары жеке тұрғын үй құрылыстары үшін рекреациялық аймақтарға (жасыл желек аймақтары, саябақтар, скверлер, жағалаулар және т.б.) жататын жер учаскелерін заңсыз бергені анықталды. 2023 жылғы 9 қараша күні ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша тергеу шеңберінде Атырау қаласының экс-әкімі К.К. Оразбаев ұсталды".Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.