Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
6 қараша, 2024 / taulik / Саясат

Әлемдегі ең бай адам АҚШ-тағы сайлау түнін Трамппен бірге өткізеді

Әлемдегі ең бай адам АҚШ-тағы сайлау кезінде Трампты қолдап, түнді бірге өткізбек.

Әлемдегі ең бай адам АҚШ-тағы сайлау түнін Трамппен бірге өткізеді

Әлемге танымал миллиардер және Х әлеуметтік платформасының иесі Илон Маск АҚШ президенттігіне үміткер, Республикалық партия өкілі Дональд Трамппен бірге сайлау түнін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Taulik.kz The New York Times-қа сілтеме жасап. Дереккөздерге сүйенсек, Маск Флорида штатындағы Палм-Бичтегі Трамптың Мар-а-Лаго резиденциясында өтетін мерекелік шарада болады. Ол Трамп пен шағын топтың қатарында сайлау барысы мен дауыс санау нәтижелерін бақылауға қатысады.

Трампқа қатысты оқиғалар жаз айларында ерекше назар аудартты. Шілде айында Пенсильваниядағы сайлауалды кездесуі кезінде Трампқа шабуыл жасалып, оның беті қанға боялған күйде сахнадан шығарылды. Осы оқиғадан кейін Маск Трампты «толық қолдайтынын» мәлімдеді. Сонымен қатар, кәсіпкер бірнеше рет қазіргі вице-президент Камала Харристі сынға алып, оның жеңісі АҚШ-тағы соңғы сайлау болуы мүмкін деген пікір білдірді. Ал Трампты демократияға қауіп төндірмейтін, керісінше оны құтқарудың «соңғы амалы» деп сипаттады.

Қазіргі уақытта АҚШ-та 47-ші президентті анықтайтын кезекті сайлау өтуде. Бұл ел тарихындағы 60-шы президент сайлауы. Басты үміткерлер – республикалықтар атынан Дональд Трамп және демократиялық партияның өкілі Камала Харрис.

Айта кетейік, жақында Филадельфия округінің прокуратурасы Илон Маск пен оның America PAC ұйымына сайлау алдында шайқалмалы штаттардағы сайлаушыларға күн сайын бір миллион доллар таратып отыр деген айып тағып, сотқа жүгінген еді. Кейінірек АҚШ соты Масктың сайлаушыларға қаржы таратуға құқығы бар екенін қолдаған шешім шығарды. Осыған дейін Трамп президенттік сайлауда өз дауысын беріп үлгерген болатын.