2022 жылы 12 наурызда Түрікменстанда президент сайлауы өтті. Оның нәтижесінде бұрынғы президент Гұрбанғұлы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедов жеңіске жетті.
Бірнеше жылын Швейцарияда өткізген жас президент Түрікменстанда либерализация болуы мүмкін деген үміт сыйлады. Алайда, бұл жолы жағдай бұрынғыдан да өзгеше бола түсті. Алғашқы шектеулердің құрбаны түрікмен әйелдері еді.
Президент табиғи сұлулықты қолдайды
Сердар Бердімұхамедов Түрікменстан басшысы атанғалы БАҚ-та елдегі әйелдерге қатысты жаңа тыйымдар мен шектеулер туралы ақпарат жиі шыға бастады. Мәселен, әйелдерге кейбір косметикалық процедураларды жасауға шектеу қойылған: кірпік пен тырнақ жапсыруға, ерінді үлкейтуге тыйым салынған. Сондай-ақ, әйелдерге дене пішінін көрсететін киім киюге және тым ашық бөліктері бар киімдерді таңдамауға кеңес беріледі.
Бұл шектеулер әйелдердің әлеуметтік өміріне де әсер етті. Енді оларға көліктің алдыңғы орындығында отыруға, тіпті әкесі немесе ағасы сияқты жақын туысы жоқ болса, көлікке мүлдем отыруға болмайды. Бұл туралы Turkmen.news порталының бас редакторы Руслан Мятиев мәлімдеді
Мятиевтің айтуынша, Түрікменстанда әйелдердің мінез-құлқы мен сыртқы келбетіне қатысты қатаң талаптар бұрынғы президент Гұрбанғұлы Бердімұхамедовтың тұсында да болған.
“Ескі” жаңа президент
Сердар Бердімұхамедовтың “әйелдер мәселесіндегі” ұстанымдарын түсіну оңай емес.
Саясаттанушы Аркадий Дубнов жас президентті патриархалды, қатаң және шексіз биліктің ықпалындағы адам ретінде сипаттайды.
Сарапшының пікірінше, оның қатал мінезі туралы ел басшысы атанғанға дейін-ақ белгілі болған, ал жаңа шектеулер оның ерекше әлеуметтік тәрбиесінің көрінісі.
“Ол барлық белгілері бойынша үйдегі тиранға ұқсайды. Оның отбасында тәрбиелеу әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қалыпты және тұрмыстық өмір салтының бір бөлігі болғанын көрсетеді,” – деп атап өтті Дубнов.
Бердімұхамедовты дәстүрлі құндылықтардың жақтаушысы деп сипаттайтын тағы бір сарапшы – Руслан Мятиев. Дегенмен, жаңа президенттің “либералды және прогрессивті” қоғамда өмір сүру тәжірибесі де аз емес. Ол кемінде екі жыл Швейцарияда жұмыс істеп, оқыған.
“Швейцарияда жүрген кезінде ол айналасындағыларға жеккөрушілікпен қарағаны анық, ал жергілікті әйелдер оған әдепсіз болып көрінген. Бұл – өркениеттің басқа жағынан келген адамның бейнесі” , – дейді Дубнов.
“Боланок”
Түрікмен қоғамының ерекшелігі – көптеген тыйымдар мен шектеулер тек ауызша келісімдер түрінде ғана жүзеге асады.
“Бізде “боланок” деген сөз бар. Бұл сөз тура мағынасында “болмайды, рұқсат етілмейді” дегенді білдіреді. Сен мың рет құжаттарды көрсетуді сұрасаң да, саған тек “боланок” деп айтады, болды” ,– деп түсіндіреді Руслан Мятиев.
Бұл әдіс әйелдерге қойылған шектеулерге де қатысты.
Әйелдердің сыртқы келбеті мен осы талаптарды бұзғаны үшін қолданылатын жазалар туралы заңды құжаттар көпшілікке қолжетімсіз. Сарапшылардың пікірінше, мұндай “жасырын” әрекеттер халықаралық қауымдастық тарапынан айыптаулар болмас үшін жасалады.
“Әлем бұл режимнің сипатын, соның ішінде адам құқықтарын қорғау саласындағы жағдайды өзгертуге бірнеше рет әрекет жасады. Бірақ бұл әрдайым сәтсіз аяқталады. Себебі жергілікті билік шынында да ешқандай жазбаша “із” қалдырмайды” , – деп түсіндіреді Аркадий Дубнов.
Сонымен қатар, сарапшының айтуынша, әлемде Түрікменстанға ықпал етудің тетіктері аз. Ал құқық қорғаушылардың бұл елге кіруі немесе жергілікті адамдармен байланыс орнатуы іс жүзінде мүмкін емес.