logo
search
menu
Жатырынан: тырнақ, құм, пластик алынған. Әйелдерге жасалған геноцид
Бедеулікке ұшырату мақсатында жасалған шабуылдар кезінде әйелдердің жатырына, әдетте зорлықтан кейін, мынадай тырнақ кескіш секілді бөгде заттар енгізілген. Фото: Химена Борразас.

Жатырынан: тырнақ, құм, пластик алынған. Әйелдерге жасалған геноцид

Ескерту: Бұл мақалада аса ауыр, психологиялық тұрғыда күйзеліс тудыратын зорлық-зомбылық оқиғалары сипатталған.

Тиграй соғысы ресми түрде тоқтағанымен, оның іздері мыңдаған әйелдің жанын жаралап, өмірін түбегейлі өзгертіп кетті. Эфиопия мен Эритрея әскері тарапынан жасалған әскери қылмыстардың ішінде ең ауыр әрі жаға ұстатарлығы — Тиграйлық әйелдерге жасалған жүйелі түрде зорлық-зомбылық және бедеулікке ұшырату мақсатында олардың денесіне бөгде заттарды күштеп енгізу фактілері. The Guardian басылымына шыққан зерттеу мақаланың қазақша нұсқасын қысқартып ұсынып отырмыз. 

Адам ақылына сыймас қатыгездік

2020 жылдың қарашасында басталған қақтығыста Тиграйдағы мыңдаған әйелдер зорлық-зомбылықтың ең сорақы түріне ұшырады. 2022 жылдың соңында соғыс тоқтағанымен, халықаралық бақылаушылар мен дәрігерлердің мәліметтеріне сүйенсек, Тиграйлық әйелдердің кемінде 10 пайызы сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Олардың 70 пайызы — топтық зорлықтың құрбаны болған.

Мәселен, Тсенеат есімді әйел босанғаннан кейінгі жеті күн ішінде Эритреялық алты сарбаздың жыныстық зорлық-зомбылығына ұшыраған. Жансыз күйге түскенде, оның жатыр ішіне сегіз тот басқан бұранда, темір тырнақ кескіш, полиэтиленге оралған қолжазба енгізілген. Жазбада: «Біз Эритреяның ұлдарымыз. Батырмыз. Біз мұны жасадық әрі жалғастырамыз. Тиграйлық әйелдерді бедеу етеміз», — деген.

«Тиграйлық ұрпақ енді болмайды»

Мұндай хаттар бірнеше әйелдің денесінен табылып, барлығы да бірдей мазмұнмен — кек алу, ұлт ретінде жою, бедеулікке ұшырату ниетімен жазылған. Бұл әрекеттер халықаралық заңнамада «геноцид» деп бағаланады, өйткені олар белгілі бір этникалық топты қасақана жою мақсатын көздейді.

Тиграйда жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің жатырынан алынған тырнақ кескіш пен бұрандалар. Фото: Химена Борразас.

Денесінде шеге мен металл қалдықтары бар әйелдер

Мекелле қаласындағы Айдер ауруханасының дәрігерлері көптеген әйелдердің жатырынан тырнақ, бұранда, пластик, құм, тастар және хаттар алынғанын мәлімдеді. Бұл әрекет алғаш естігенде дәрігерлердің өзіне де психологиялық соққы болған. Бір әйелдің денесінен алынған рентген суретінде — іш қуысына дейін кіріп кеткен тырнақ пен шеге, металл заттар бейнеленген.

Мұндай бөгде заттар ішкі мүшелерге зақым келтіріп, ішкі қан кетуге, инфекцияға, бедеулікке, созылмалы ауруларға алып келеді. Кейбір жағдайда олар әйелдердің асқазан-ішек жолына жетіп, өміріне қауіп төндірген.

Қорқыныш, үнсіздік және әділетсіздік

Көптеген әйелдер медициналық көмекке жүгінуден қорыққан. Себебі оларды зорлаған солдаттар медициналық мекемеге барсаң — өлтіреміз деп қорқытқан. Ал медициналық мекемелердің өзінде көмек көрсеткен дәрігерлерге де қысым көрсетілген. Соғыс кезінде медициналық құжаттар жойылып, кей жағдайлар мүлде тіркелмеген.

Мекелледегі бір шағын христиандық емханада 7000-8000-ге жуық жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетілген. Медициналық хаттамалар, рентгендер мен жәбірленушілердің денесінен алынған заттар бір шкаф ішінде құлыптаулы күйде сақталады. Бұл — жаппай қатыгездіктің үнсіз дәлелі.

«Өзімді өлімге қимаймын, әділетті күтемін»

Тсенеат өзіне жасалған қылмыстан кейін екі жыл бойы дер кезінде көмек ала алмаған. Дәрігерлер денесінен темір тырнақ кескішті алып шыққан кезде, ол тот басып кеткен еді. Қазір ол күйзеліспен күресіп жүр, өз-өзіне қол жұмсауды жиі ойлайды. Бірақ бір үміті бар: «Маған жасағандарын мойындату — менің жалғыз арманым. Әділет орнаса ғана тыныш ұйықтаймын», — дейді ол.

Бітім бар, бірақ жауапкершілік жоқ

2022 жылы қарашада бітім жасалғанымен, Эритрея бұл келісімге қатыспаған. Осылайша, көптеген қылмыскерлер жазадан құтылып кетті. Эритрея президенті Исаяс Афеверки бұл айыптауларды «қиял» деп атап, халықаралық тергеуге қатысудан бас тартқан. БҰҰ мәліметі бойынша, Тиграйда болған әскери қылмыстар үшін ішкі сот жүйесі арқылы әділет орнайды дегенге сенім жоқ.

Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмед әскери күштердің соғыстағы әрекеті үшін халықаралық айыптауларға ұшырағанымен, оған ешқандай жаза қолданылмаған. Жекелеген сарбаздар ғана жауапқа тартылған. БҰҰ-ның Тиграйдағы қылмыстарды тергеу жөніндегі комиссиясы 2023 жылы жабылып, жұмысын тоқтатты.

Зорлықтың жалғасуы

Соғыс ресми түрде аяқталғанымен, сексуалдық зорлық-зомбылық тоқтаған жоқ. БҰҰ мәліметі бойынша, Эритреялық әскерилер Тиграйдың шығыс бөлігінде әлі де жүр. Олар тұрғындарды ұрлап, үйлерін тонап, әйелдерді зорлап, заңсыз ұстап отыр.

Әйелдер әскери базаларда топпен зорланғанын, қасында тағы ондаған әйел ұсталғанын айтып отыр. Олардың бірқатары тірі қалмаған. Ханна есімді қыз, 21 жаста, төрт күн бойы 10 сарбаздың зорлығына ұшыраған. Кейін олар басына қышқыл құйып, жолға лақтырып кеткен. Қазір оның бас терісі түгелімен күйіп кеткен, қатты ауырады, терісі қышиды, ұйықтай алмайды. Бірақ пластикалық ота жасауға мүмкіндік жоқ.

Көмексіз қалған құрбандар

Тиграйдағы әйелдердің 90%-ы жыныстық зорлықтан кейін ешқандай медициналық немесе психологиялық көмек алмаған. АҚШ-тың USAID агенттігі мен Ұлыбритания үкіметінің көмегі қысқартылып, бұрын қызмет еткен емдеу орындары жабылып жатыр. Ал көмекке мұқтаж әйелдердің саны азаймай отыр.

Медицина саласындағы мамандар бөгде заттардың әйелдің денесінде ұзақ жылдар бойы қалып қоюы өміріне қауіп төндіретінін, бедеулікке, қатты ауруларға, үнемі ауырсыну мен психологиялық жараға себеп болатынын айтуда. Бірақ бұл әйелдердің емделуге, қалпына келуге мүмкіндігі тым шектеулі.

Балалар да құрбан

Кейбір зорлық-зомбылық оқиғалары балаларды да қамтыған. Эстер есімді қыз 10 жасында анасымен бірге жүргенде төрт солдаттың шабуылына ұшыраған. Анасы зорланған, ал Эстер ішінен пышақталып, үстіне қайнап тұрған су құйылған. Оның денесінде күйік іздері мәңгіге қалған.

Қазір Эстер мектепке барады, бірақ достары жоқ. Әр қадамда қорқынышпен өмір сүреді. «Дәрігер болғым келеді, өзіме және халқымның әйелдеріне көмектескім келеді», — дейді ол.