Жеке кәсіпкерлікті жабудың қандай тәртібі бар

Жеке кәсіпкер нені ескеру қажет?

ашық дереккөзден

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу оңай болғанымен, оны жабу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Егер бизнес тоқтаған жағдайда қалай жабу керек, қандай заңдылықтары бар? Жабудың жолдары қандай, бұл туралы Taulik.kz жазды.

«Қаржылық сауат» телеграм арнасының жазуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі (МКК) Айнұр Сартаеваның Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті жабудың оңайлатылған әдісі бар екенін айтқан. Бірақ ол әдісті қолданатын кәсіпкерге қойылатын талап та жоқ емес.

Ең алдымен, жеке кәсіпкердің салық алдында ешқандай қарызы болмауы керек. Салық алдындағы есебіне мұқият болып, уақытында тапсырғаны маңызды. Сонымен қатар, ол қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеуші болмауы керек және салықтық тексерулердің жоспарында болмауы шарт.

Айнұр Сартаева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

Ашқан кәсібіңіз жұмыс істемей тұрса, кәсіпкерлік қызметпен айналыспаймын деп шешім қабылдасаңыз, әрине, жеке кәсіпкерлікті (ЖК/ИП) жауып тастаған дұрыс. Оңайлатылған тәртіпте жабу үшін кәсіпкер бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінім жолдайды және өзінің қызметін тоқтататыны туралы салықтық өтінімді, «ликвидациялық» салық есептілігін тапсырады. Сосын өтінімдердің өңделгенін күтеді. Өз кезегінде салық органы өтінімдерді қарауына алып, азаматтың салықтық міндеттемелері орындалған ба, соны тексереді.

 

Егер жеке кәсіпкердің салық алдындағы міндеттемелері толық орындалған болса, салыққа қарыз болмаса, күнтізбелік 10 күннен кейін тағы үш күн күтеді. Сол үш күн ішінде жеке кәсіпкерлік қызметі құжат жүзінде жабылады.

Кәсіпкерлік істің жабылғанына қалай көз жеткізуге болады? Ол үшін азамат Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтына жүгіне алады. Сол жерде «салық төлеушілерді іздеу» батырмасын тауып, өзінің деректерімен танысып, қай күннен бастап есептен шығарылғанын біле алады.

Айнұр Сартаева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

 

Егер кәсіпкер өзінің қызметін жүзеге асыру кезінде салығын уақытылы төлеп, салық төлеуден жалтармай, барлық міндеттемесін толықтай орындап жүрсе, онда ЖК оңай әрі тез жабуына мүмкіндігі бар деген сөз. Егер жеке кәсіпкердің статусы бұл шарттарға сәйкес келмесе, салықтық тексерулер тағайындалады. Соның қорытындысы бойынша ғана ол кәсіпкерлік ісін тоқтата алады.

Жеке кәсіпті жабу үшін:

▪️Салық алдында берешек болмау керек.

▪️Әлеуметтік аударымдар да түгел орындалған болуы керек.

▪️Жұмысшыларды ресми түрде қызметінен босату керек.

▪️Серіктес компаниялар алдында аяқталмай қалған міндеттер болса реттеу керек.

▪️Клиенттерден алажақ қарыз болса, алдын ала өндіріп қойған дұрыс.

▪️Жеке кәсіпкерлік үшін ашылған банктік шотты жабу керек.

▪️Онлайн-кассаны тіркеу есебінен шешу керек (егер болса).

Аталған мәселелер реттелгеннен кейін өтінім беру керек. Оны онлайн түрде жүзеге асыруға болады. 

Loading...