Алматыда мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиында «Үздік білім беру ұйымы» байқауының жеңімпазы марапатталды, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
С.А.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейі «Ең үздік орта білім беру мекемесі» деп танылып, ұжым 56 миллион теңге көлеміндегі әкім грантын иеленді. Аталған қаржы мектепті материалды-техникалық жабдықтауға жұмсалмақ.
Байқау комиссиясының құрамына қала әкімінің орынбасары, Білім басқармасының өкілдері, білім беру ардагерлері, республикалық білім беру ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың директорлары және т.б. кірді.
Байқау екі кезеңде өткізілді: аудандық кезең – 26 сәуірден 5 мамырға дейін және қалалық кезең – 10 мамырдан 30 маусымға дейін.
Бірінші кезеңде аудандардан сегіз орта білім беру ұйымы ұсынылды. Олардың ішінде: Алатау ауданының №180 жалпы білім беретін мектебі; Алатау ауданының № 201 мектеп-гимназиясы; Алмалы ауданының С.А.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейі; Әуезов ауданының А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясы; Бостандық ауданының Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейі; Жетісу ауданының Сүйінбай атындағы № 143 мектеп-лицейі; Наурызбай ауданының №174 мектеп-гимназиясы; Түрксіб ауданының №198 жалпы білім беретін мектебі.
Жеңімпаз бірнеше критерий бойынша таңдалды. Олардың ішінде: технологияларды оқу үдерісіне енгізе білу, мұғалімдердің өзін-өзі жүзеге асыруына жағдайдың болуы және оқушылардың оқуда жоғары көрсеткіштері ескерілді.