Air Astana Израильге ұшуды тоқтатты

Елшілік сол аумақтағы қазақстандықтарға қайырылды

Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Израильде жағдайдың ушығуына байланысты Тель-Авивке ұшатын рейстердің барлығын тоқтатты, деп хабарлайды Taulik.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

"Израильдегі тұрақсыз жағдайға байланысты Air Astana әуе компаниясы ертеңге (8 қазан – ред.) жоспарланған рейс Бен-Гурион әуежайында жағдай қауіпсіз болған кезде ғана орындалатынын хабарлайды. Ал Тель-Авивке қалған рейстер тоқтатылады" деп жазылған хабарламада.

Air Astana Тель-Авивке билеттер сатуды да тоқтатты. Бұған дейін билет сатып алып қойған жолаушылар жағдайға байланысты сапарларын шегергісі келсе, оларға билет құны толық өтеледі деп хабарлады.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Израиль аумағында жүрген қазақстандықтарға қайырылды.

"Жағдайдың күрт ушығуына байланысты Қазақстанның Израильдегі елшілігі Қазақстан азаматтарына (атап айтқанда, елдің оңтүстігінде қалғандарға) тыл басшылығының (https://www.oref.org.il/ru) нұсқаулықтарын орындап, қауіпсіз орындарда қалуға және ресми биліктің ескертуінсіз ешқайда кетпеуге кеңес береді" деп жазылған хабарламада.

Ол жақта қанша қазақстандық жүргені белгісіз.

  • 7 қазан таңертеңнен бастап Газа секторын бақылайтын ХАМАС тобы Израильді жаппай атқылай бастаған. BBC-дің жазуынша, ХАМАС тобының шабуылы салдарынан Израильде 250 адам қаза болған, 1,8 мыңға жуық адам жарақат алған. Ал Израиль жағының жауап ретінде берген соққысынан Газа секторында кемінде 232 адам мерт болған.

 

Loading...