Петропавл станциясында «Кисловодск-Тында» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру барысында қос азаматтығы бар ер адам анықталды. ҚР заңнамасын бұзған оған 690 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Петропавл станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметімен бірлесіп «Кисловодск-Тында» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру барысында құқық бұзушыны анықтады. Ресейдің 72 жастағы азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзған.
Көлік полицейлері оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 496-бабының 2-бөлігі, яғни ҚР заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Материал Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды.
Сот шешімімен ер адамға 200 АЕК, яғни 690 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Жалпы жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ҚР Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1307 шетелдік азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде сот шешімі бойынша 275 шетелдік елден шығарылды. Қос азаматтығы бар 159 адам анықталып, оларға тиісті шаралар қолданылды.