Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
2 желтоқсан, 2024 / Көрместі Көрген / Жаңалықтар

«Келешек» бағдарламасы: қашан іске қосылады?

Қазақстанда балалардың жоғары білім алуына арналған "Келешек" жинақтау бағдарламасы іске қосылуға дайын. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz.

«Келешек» бағдарламасы: қашан іске қосылады?
Фото: ашық дереккөз

Бағдарлама аясында әр балаға мемлекет тарапынан бастапқы капитал ретінде 60 АЕК (221 520 теңге), ал ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға 120 АЕК (443 040 теңге) бөлінеді. Алайда, вице-министрдің айтуынша, бағдарлама бес жастан асқан балаларды қамтымайды.

"Келешек" бағадарламасының артықшылықтары

Бағдарлама білімді қаржыландырудың негізгі көзі ретінде емес, қосымша мүмкіндік ретінде қарастырылуда. Министрліктің болжамы бойынша, егер ата-ана 1 АЕК мөлшерінде ай сайын ақша жинақтаса, бала 18 жасқа толғанға дейін 3,6 миллион теңгеден астам қаражат жиналады. Ал 2 АЕК салған жағдайда жинақ сомасы 8 миллион теңгеге, 5 АЕК салған жағдайда 10 миллион теңгеге жетуі мүмкін.

Сонымен қатар, банктердің сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне тәуелді болады. Сыйақы көлемі базалық мөлшерлемеден 200-300 базистік пунктке төмен болмайды. Егер Ұлттық банктің мөлшерлемесі 15% болса, банктерде ол 12-13% аралығында сақталады. Бұған қоса, мемлекет тарапынан қосымша кепілдендірілген сыйақы төленеді: жалпы қатысушыларға 5%, әлеуметтік осал топтарға және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға 7%.

Шоттағы ақшаны қайда жұмсайды?

Бағдарламаға сақтандыру компаниялары да қатысады. Олар ата-ана еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда немесе асыраушысынан айырылған балалардың шотына қаражат түсіріп отырады. Бұл балалардың қаржылық жинақтары 18 жасқа дейін үздіксіз толтырылады.

"Келешек" бағдарламасы мен Ұлттық қордағы балалардың жинақ ақшасын біріктіру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл қаражат баланың жоғары білім алуына жұмсалуы мүмкін. Егер бала грант иеленсе, жиналған ақша баспана сатып алуға немесе туыстарының оқуына жұмсалуы мүмкін.

"Келешек" бағдарламасы қашан іске қосылады?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, "Келешек" ерікті жинақтау бағдарламасы жыл соңына дейін іске қосылады. Жобаның операторы ретінде министрлікке қарасты қаржы орталығы тағайындалған.

Бұл жүйе ата-аналар мен балаларға сапалы білім алу үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынып, білімнің қаржылық қолжетімділігін арттыруды көздейді.