Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
1 қыркүйек, 2023 / taulik / Қоғам

«Суды пайдалану мәдениеті жоқ»: Тоқаев суды үнемдеуге шақырды

"Біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз"- Тоқаев

«Суды пайдалану мәдениеті жоқ»: Тоқаев суды үнемдеуге шақырды
ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елдегі су тапшылығы мәселесін шешу жолын егжей-тегжейлі қарастыру қажеттігін айтты, деп хабарлады Taulik.kz.

«Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», - деді Тоқаев.

Сондай-ақ Президент «2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін" екендігін айтып, Үкіметке тапсырма берді. Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу мәселесін қолға алып, қолдану аймағын кеңейту қажет екендігін мәлімдеді.

«Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша 2 текше шақырым суға қол жеткізу», - деді ол.

Тоқаев атағандай, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз.

«Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер», - деді ол.