Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова кредиттің кешірілуі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Taulik.kz.
– Өкінішке қарай, 2019 жылы кредит кешірілгеннен кейін біздің қаржы секторында кредит көлемі қайтадан өсіп кетті. Оның ішінде проблемалық кредиттер де өсіп кетті. Егер мемлекет қаражатын бөліп, қайта-қайта кешіре берсек, одан да көп жаңа кредиттер көбейеді, - дейді Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында.
Осыған орай, мекемелерде жауапкершілік көбейгенін де айтты.
– Ол қалай болады? Олар енді заң бойынша проблемалық берешекті реттеудің міндетті рәсімін жасау керек. Егер қарыз алушы банкке жүгінсе, ол осындай рәсімді өткізуі тиіс. Осы рәсімді жүйелі түрде қолдану үшін биылдан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық банктер мен микроқаржы ұйымдары, коллекторлық ұйымдар жеке жобаларын әзірледі. Проблемалық кредиттермен жұмыс істеудің жеке жоспарларын дайындады. Ол жеке жоспарлар ішінде қазір 1 млн 449 мың адамды қамту жоспарланған. Бұл жоспарлар жаңартылады. Оның ішінде банктердің кредиттерді қайта құрылымдауы, екіншіден қарызды ішінара немесе толық есептен шығару шаралары бар. Мысалы, төлеуге қабілеті жоқ болса немесе қарыздың сомасы қатты үлкен болмаса, бірнеше жыл проблемалық кредиті болса, онда банктер өз есебінен ішінара немесе толығымен өз есебінен жауып тастайды, – дейді Мадина Әбілқасымова.