Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
13 қараша, 2023 / Інжу Өмірзақ / Жаңалықтар

Әлем. Әйел. Әдемілік: Үшемнің анасы Құндыз ханыммен сұхбат

“Жауыңгердің күшінен, баласын қорғағалы тұрған ананың күші өте көбірек”

Әлем. Әйел. Әдемілік: Үшемнің анасы Құндыз ханыммен сұхбат

Әлеуметтік желіде өзінің әдемілігімен, эстетикасымен ерекшеленетін, үшемнің анасы Құндыз Оралжан ханыммен Taulik.kz тілшісі танымдық сұхбат жүргізді. 

Сұхбат жас аналар мен балалардың күтімі, декреттегі уақыт пен әдемілікті қалай үйлестіруге болатыны туралы өрбиді. 

-Ең алдымен, жатырыңызда жатқан үшем екенін білгенде қандай реакция білдірдіңіз?

-Жалпы, ең алғаш үшем екенін білген кезде өте үлкен толқыныс болды. 

Ең бірінші, жауапкершілік. Себебі үш бірдей балаға алғаш рет ана атанайын деп отырмын. Дүниеге әкелу, денсаулығы қалай болады сынды өте үлкен толғаныстар, толқыныстар болды. 

Уайым деп айта алмаймын, бір Аллаға тапсырдым. Үшем ішімде жүрген сәттен бастап, жүктілік кезеңімді өте байыпты өткізуге бел байладым. Тамақты реттеп, ұйқыны реттеп, рухани дамуымды реттеп, үшемімді іштей күте білдім. 

Үшем екенін білген сәттен бастап, дайындық жауапкершілікті алудан басталды. 

Әкесі мен туысқандарымыз бұл жаңалықты естіген кезде қатты қуана алмады, өйткені қуаныштан бұрын уайым басымырақ болды. 

Үшеуі де аман-есен дүние есігін қалай ашады? деген толассыз сұрақтар оларды уайымдатты. Расымен, бұндай ситуацияда қатты қуана да, эмоцияңды білдіре де алмайсың. 

Тек дұға етіп, өз денсаулығыма барымша көңіл бөлдім.

-Жалпы қатарынан бірге өсетін үш сәбидің анасы болу қиын ба? 

-Әрине, үшемнің анасы болу оңай емес. Жүктілік кездің өз қиындығы бар. Бес айдан бастап тұрып жүруім қиындады. Кейін балалар жеті айында өмірге келді. Перзентханада 20 күн жаттық. Сол 20 күннің ішінде мен күніне 2 сағат, тіпті 1 сағат қана ұйықтаған күндерім көп болды. Карантин кезі болғандықтан жаныма ешкімді кіргізбеді. 

Үшемді операциямен алғандықтан, мен өте көп қан жоғалттым. Өзіме де көмек қажет болды. Соған қарамастан, менің бар тілегім балаларымды перзентханадан аман-есен алып шығып, әкесіне көрсету еді. 

Күнде жандарына барып, дұғамды оқып, дендерінің саулығын тілеуші едім.  Бір баланың анасы болу да қиын, ал үшемнің анасы болу тіптен оңайға соқпайды. 

-Сіздегі әдемілік көп анаға үлгі. Инстаграм жүргізуді қашан қолға алдыңыз? Балалармен контент жүргізу қиынға соға ма? 
 

-Менің әдемі әлемімнен жас аналар өздеріне керегін алып жатса, мен расымен қуанамын. 7-8 жылдық тәжірибем бар SMM маманмын. Көптеген адамдармен жұмыс істедім. Визуал, сторисмэйкер, видеографтық салаларды өзім меңгеріп, хоббиім ретінде бұрыннан айналысатынмын. 

Балаларым дүниеге келгеннен кейін, блогымды тұрақты түрде қолға ала бастадым. 

Анамыздың үнемі айтатын сөзі бар еді: "Үйлесімділік және әдемілік". 

Осы сөзді үнемі ұстанып жүруді әдетке айналдырдым. Әр нәрседен әдемілікті көріп, түсіре бастадым. Қазір балалар 2-ге жақындап қалды, блог түсіру сәл қиынға соғып жүр. Көбірек көңіл бөлетін, көбірек ойнау керек уақыт болғандықтан, қазір белсенді емеспін. 

-Декреттегі анасыз. Декреттегі уақытыңыз қалай өтуде? 

-Декретте отырып қарабайыр өмір сүріп кетуден қорықтым. Сол үшін өзімді үнемі дамытумен келемін. Түрлі курстар оқып, тынығуымды реттеп, бетіме, ағзама көңіл бөлуге тырысамын.  

Балалар балабақшаға бармайды әзірге, сол үшін декреттік демалысым бөпелермен үйде өтуде. 

-Бала күтімі туралы не айтасыз? Баламен бір күндік рутинаңыз қалай өтеді? 

-Бала күтімі деген дүние жалпы бала дүниеге келмей тұрып басталады. 

Баланың асы, рухани жан дүниесі іште жатқаннан дамиды. 

Кейде балалар осының бәрін қайдан біледі, деп таңқалып жатамыз ғой, міне іште жатқаннан-ақ оларға күтім жасалады. 

Анасы не жейді, не оқиды, не көреді соның барлығын іштен сіңіріп шығады. Бұрынғы ата-бабаларымыз жүкті әйелге аса қатты күтіммен қараған. 

Қаралы хабарды аяғы ауыр әйелге естіртпеген, ауыр сөздер айтпаған. Соның барлығын бала күтімі деп алсақ болады. Ана баланың сау боп туылғанын қаласа, іште жатқаннан ат салысуы керек. 

Ананың аяғы ауыр кезде саумал ішіп, қазақтың адалынан сойылған етін жеп, сүт өнімдерімен қоректенсе, күтім деген осы. 

Небір газды сусындар, фастфудтермен тамақтанса, балаға теру аурулары шығатын болады. 

Дүниеге келгеннен кейінгі күтімі өте көп. Қырқына дейінгі күтімі, шыққаннан кейінгі күтімі, тамақтанған кездегі күтімі, барлығы өз-ара маңызды этап. 

Біздің бір күндік рутина құшақтасудан басталады. Ұйқыдан аман-есен оянып, бір-бірімізді құшақтаудан басталады.  

Тісімізді жуып, таңғы ас ішіп, серуендеп, үйде ойнау. 

Біздің үйде бір әдемі уақыт бар. Ол - музыка уақыты. Балалар іште жатқан кездерінен қазақтың халық әуендерін, күйлерді тыңдап өсті. Қазір де әуенге жақын. Күйлер, жырларды, арнайы аспаптарда ойналған әндерді тыңдайды. 

-Балаларыңыздың есімі ерекше. Мағыналары қандай? Қазақша сөйлей ме балаларыңыз? 

-Сүгір. Сұңқар. Сырғалым. Отбасымызден ақылдаса отырып қойылған есімдеріміз. Есімдердің мағынасы қазақи болғандықтан, балалар, әрине қазақша сөйлейді. 

Сүгірдің аты өте ерекше.

СҮГІР (пар. сугири سوگيري) – қорғаушы, қамқоршы деген мағынаны береді

СҮГІР (көнеше) -әскери ақылшы деген мағынаны білдіреді.

СҮГІР -қазақтың бас күйшісі. Классик.Шертпе күйдің шебері. Мен үшін қазақтың Моцарты.Сондықтан әкесі екеміз ұзақ ойлана келіп ұлымызға осы бір ғажап есімді бердік.

Сұңқар 

-бала сұңқардай қырағы, батыл болсын деп қойылатын есім. 

Дереккөз: Т. Жанұзақ. Қазақ есімдерінің анықтамалығы

СҰҢҚАР. Қыран құстардың ішіндегі ең алғыры.Сұңқар мойын деген тіркес бар. Құстардың ішіндегі бітімі тығыршықтай сұлу құс. 

Сырғалым. Оның есімі менің жүрегімде осыдан 7 жыл бұрын орын алған. ЕНУ-да оқып жүргенде «Сырғалым» деген қыздарға арналған ұйым құрып, сол арқылы қаншама қазақтың дана аналарымен кездесу ұйымдастырып, білімімізді жетілдіріп, өзгелергеде пайдалы болған едік. 

Қызымызға қандай есім қоямыз деп жүргенде әжесі “Сырғалым” деген атты ұсынғанда қуана бірден келістік. Менің жүрек гүлім елінің де дара, дана, ақылды Сырғалымы болсын деп тілеймін. 

-Эстетика деген сөзді естісем бірден сіз есіме түсесіз. Жалпы эстетиканы өмірге енгізу қиынға соға ма? 

-Өмірге эстетиканы енгізу қиын емес. Себебі өмірдің өзі эстетикадан, әдеміліктен тұрады емес пе? Әр мезгіл эстетикаға толы. 

Күз қандай, қыс ше? Көктем өз алдына бір бөлек. Тіпті бір батпақ жерде өсіп тұрған қамыстың өзінің эстетикасы бар, 

Оны көре алатын, сезе алатын көз бен жүрек керек. Адамның өмірге құлшынысы болса, барлық әдемілікті көре алады. 

Үйге қалай эстетиканы қолданса болады? Көбі қымбатқа түседі деп қорқады. Асылында олай емес. Бір-ақ гүлді әкеп, үйге қойсақ әдемі боп шыға келеді. Көп жағдайда қазақтар үйдің сәніне мән бермейді. 

Үйдегі жайлылықты, әдемілікті өзіңізге ыңғайландырып алатын болсаңыз, сізге шабыт сыйлайды.

Үйдегі уют әсіресе әйел адамға қажет. Өйткені, әйел адам үйде көп отырғандықтан, кейде әдемілікті көрмей, сырттан іздеп кетеді. 

Жақында “Жапонша үй жинау әдісі” кітабын оқыдым. Жалпы барлық әйелдерге осы кітапты оқуға кеңес беремін. Үйіңізге басқаша қарайтын боласыз. 

-Жас аналарға не айтасыз?

-Өзім секілді жас аналарға айтқым келетіні: Сіздер өте мықтысыздар! 

Дүниеге адам алып келу, оның барлық болмысыны жауап беру үлкен жауапкершілік. Осы баламен өткен әр секунд, уақытыңызды өкпемен, ренішпен өткізіп алмаңыздаршы. Олар өте тез өседі. Жүректеріңізді қуанышқа толтыра салатын балаларыңыз аман болсыншы. 

Әлем аналар мен әйелдермен әдемі. Өздеріңізге күтімді ұмытпаңыздар. Бұл әлемді махаббат ұстап тұрады. 

Ол-ананың балаға, баланың анаға, қос ғашықтың бір-біріне махаббаты. 

“Жауыңгердің күшінен, баласын қорғағалы тұрған ананың күші өте көбірек” деген тамаша сөз естіп едім. Ол рас... 

Аман болайық! 
 

Тағылымды әңгімеңіз бен әдемі әлеміңізбен бөліскеніңізге алғыс білдіреміз!