"Қазақсан Республикасының азаматтары банкроттыққа қалай өтініш беруге болады?" бұл туралы Taulik.kz ақпарат агенттігі жазады.
Сонымен соттан тыс банкроттыққа қалай өтініш береміз?
1-қадам. ҚР азаматтары өтініш беру үшін id.mkb.kz сайтынан өзінің дербес есебін алуы шарт. Онда кредит бойынша төлем мерзімі өткен күндер (просрочка) көрсетіліп, дәл қазіргі сәттегі мойындағы қарыздың сомасы қамтылуы керек. Бұл есеп тегін беріледі. Оны смартфон арқылы да алуға болады.
2-қадам. Жеке меншігіңізде немесе ортақ меншікте атыңызға жазылған мүлік бар ма? Оны білу үшін тиісті «анықтамаға» тапсырыс беру керек. Ол анықтаманы мына жерден аласыз.
3-қадам. Кредитормен (ол – екінші деңгейлі банк немесе микроқаржы ұйымы) арадағы қарызды реттеу туралы құжатты қоса ұсыну қажет.
Реттеу құжаты дегеніміз:
- банктің реттеу шараларынан бас тартуы;
- өтініштің көшірмесі немесе өтініштің электронды форматта жіберілгенін растау туралы (егер банктің жауабы болмаса);
* Ескеріңіз! Берешек бойынша реттеу құжаты коллекторлық агенттіктерге қажет емес
4-қадам. Өзіңіз бен жұбайыңыздың телефон нөмірі Мобильді азаматтар базасында тіркелгеніне көз жеткізіңіз. Болмаған жағдайда my.egov.kz сайтында тіркеліңіз.
5-қадам. Соттан тыс банкроттық процедураны қолданатын болсаңыз, ол туралы өтінішті eGov.kz немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы бере аласыз немесе жақын жердегі ХҚКО бөлімшесіне қағаз жүзінде алып барасыз.
6-қадам. Соттан тыс банкроттық процедураны қолдану туралы өтінішті толтыру кезінде жұбайыңыз өзі туралы дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беруі қажет (жұбайыңыз келісімді өзінің жеке кабинетінде бере алады), ал жұбайыңыз бас тартқан жағдайда өтініш қабылданбайды.
7-қадам. Борышкер өзі берген өтініштің қорытындысын Жеке кабинетте 15 жұмыс күні ішінде ала алады.
Банкроттыққа өтініш бермес бұрын оның сіз үшін салдары бар екенін еске сақтаңыз. "Қаржылық сауат" телеграм арнасының жазуынша аталған банкроттықтың 3 салдары бар:
- 5 жыл көлемінде атыңызға займ да, кредит те рәсімдей алмайсыз (ломбардтан алуға болатын микрокредиттерді есепке қоспағанда);
- Алдағы уақытта тағы да өзіңізді банкрот ретінде тануға өтініш беретін болсаңыз, ол тек 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;
- Банкрот деп танылғаннан кейін 3 жыл бойы Сіздің қаржылық айналымыңыз ұдайы тексеруде болады.