logo
search
menu

Чикаго марафонын бағындырған қазақ жігіті: Спорт пен рухани төзімділік жолында

Ербол Молдажан — АҚШ-тың ең танымал марафонына қатысып, өзінің жеке рекордын орнатқан қазақ жігіті.

25 ақпан, 2025
Чикаго марафонын бағындырған қазақ жігіті: Спорт пен рухани төзімділік жолында

Мазмұны

    Ол отбасымен бірге Америкада өмір сүреді және спортпен белсенді шұғылданады. Ерболдың жүгіруге деген қызығушылығы оның түрлі марафондарға қатысуына себепкер болды. Соның ішінде әлемге танымал Чикаго марафоны да бар. Осыған орай  Taulik.kz тілшісі Ербол Молдажанмен сұхбаттасуды жөн көрді.

    Чикаго марафоны — әлемдегі беделді спорт жарыстарының бірі. Бұл марафон қатысушының физикалық дайындығын ғана емес, рухани беріктігін де сынайтын маңызды спорттық шара болып саналады.

    - Чикаго марафонына қатысу идеясы қалай пайда болды? Жалпы бұл спорт саласымен қай уақыттан бері қызығып келесіз?

    Чикаго марафонына қызығушылығым жүгіру әлемімен танысқаннан кейін пайда болды. Жүгіру бойынша әлемде мықты деп танылған алты марафон бар. Сол алты марафонның үшеуі АҚШ-та. Оның ішінде Чикаго марафоны да бар. Қазан айында Чикагоға қатыстым. Ал, келесі айда Нью-Йорк марафонына қатысуға жолдама алдым. Бұл жүгірумен айналысатын адам үшін үлкен жетістік. Мен спортпен COVID-19 вирусы басталған кезде айналыстым. Аптасына үш рет жүгіріп тұру керек деген мақсат қойдым. Екі-үш шақырымды мақсат етіп, жүгіре бастадым. Арада екі ай өткен соң жүгіру процесі өзіме ұнай кетті. Өзімді сергек әрі бақытты сезінетін болдым. Кейін, Марат Жыланбаевтың курсына жазылып, он шақырымға дейін жүгіруді үйретті. Ол кісі білгенімен бөлісіп, менің дисциплинамды қалыптастырды. Сосын Алексей Гусаровпен жаттығып бастадым. Осылайша, 2020 жылдың соңы мен 2021 жылдың басында жүгірумен айналысып кеттім.

    - Америка халқы марафондарға аса маңыз бен қызығушылық білдіретіні баршаға мәлім шығар. Осы орайда өзіңіз секілді өзге ұлт өкілдерінің белсенділігі мен эмоциясын қалай бағалай аласыз?

    Эмоция бүкіл ұлтқа ортақ. Бұл жерде отбасылардың бірін бірі қолдауы, салауатты өмір салтына ұмтылу деңгейі жоғары. Марафон халықтың бір мәдени бөлігіне айналды. Сонысымен ерекше деп ойлаймын. Америка деген еркін ел ғой. Олар бір-бірін қолдау кезінде күлкілі плакаттар жасап, айқайлап, көшеде барабанмен ойнап жүрді. Бірақ, барлық ұлт өкілдері ұқсас сезімді кешті. Марафон барша халықты біріктірді. Себебі, бүкіл қатысушының мүдделенген мақсаты бір болды.

    - Елімізде өтетін марафондармен салыстырғанда АҚШ-та өтетін марафондардың артықшылығы неде? 

    АҚШ-та өтетін марафондардың тарихы терең. Алғаш рет Америкада марафон 1897 жылы ұйымдастырылған болатын. Ол – Бостон марафоны. Кейін, 1970 жылы марафондарды ұйымдастыру, оған қызығушылық танытқан адамдардың саны өрбіді. Чикаго марафоны 1977 жылы басталып бүгінгі күнге дейін тұрақты өтіп жатыр. АҚШ-та мұндай шараларға кемінде 50 мың адам қатысады. Ал, бізде алғаш рет Алматы марафоны 2012 жылы өтті. Оған небәрі 2500 адам қатысты. Алматы марафоны толық марафон (42,2 км), жартылай марафон (21,1 км), 10 км және 3 км қашықтықтары, эстафеталық жүгіру және скандинавиялық жүріс деген кезеңдерден тұрды. АҚШ-та кеше 150 мың адам толық марафон, яғни 42 шақырым жүгіріп өтті. Айырмашылық пен артықшылық та осы болар.

    - Спорттық шараны ұйымдастыру кезінде жергілікті құқық қорғау қызметкерлері қауіпсіздікке қалай мән береді? Мысалы, 2013 жылы марафон кезінде Бостонда жарылыс болды. Осыдан кейін мұндай ауқымды шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікке қатысты өандай жаңашылдық енгізілді?

    Өз басым 2013 жылға дейінгі марафондарға қатыспадым. Бірақ, бұл оқиғадан хабардармын. Бостондағы жарылысқа қатысты бірнеше деректі фильмдерді көрдім. Бұл өте қайғылы оқиға. Интернет желісіндегі ақпараттарға сүйенсек және өз көзіммен көргенімді айтатын болсам, онда қазір қауіпсіздік шаралары расымен күшейтілген. Тәртіп сақшылары, полиция қызметкерлері марафондарға жұмылдырылған. Жоғары технологиялық камералар да орнатылады. Марафонға өзіңмен ешқандай сөмке алып кіре алмайсың. Ал жеке қажеттіліктеріңді алып кіру керек болсаң, онда түссіз сөмкеге салып кіресің. Яғни, не алғаның көріну керек. Ол сумканы да өздері береді. Бәрін жіті тексереді. Арнайы дрондар да іске қосылады. Американдықтарда «"See something, say something» деген сөз бар. Яғни, қазақша аудармасы «Бір нәрсе көрсең, үндеусіз қалма» дегенді білдіреді. Мысалы, Чикаго марафонындағы старт пен финишқа тек жарысқа қатысушылар ғана кіре алады. Біз марафонды бастаған сәттен үстімізден вертолеттар ұшып, біздің қауіпсіздігімізді бақылап жүрді.

    - Мәре сызығын кескен сәтте қандай сезімде болдыңыз?

    Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мәрені кескен сәтте эмоцияның шарықтау шегі оянады. Мысалы, Чикаго марафонының масштабы мені өте таң қалдырды. Дене қыздыру жаттығуларын жасап жатқан адамдар, қолдауға келген көрермендер, марафонның атмосферасы... Осының бәрі менің көңіл-күйім мен эмоцияма қатты әсер етті. Марафон 35-ші шақырымнан басталады деген де сөз бар. Ол шақырымға жеткенге дейін бір қалыппен жүгіру керек. Адамдар қалыпты темпте жүгіріп келе жатып бастарынан түрлі эмоция кешіреді. Негізі, финиш деген сенің көрсеткішіңнің нәтижесі.